Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жылдық қызмет көрсету құны 10 мың теңге": Kaspi.kz желіде тараған ақпаратқа жауап берді

Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалған

Желіде Kaspi Bank операцияларды жүргізудің жалпы ережелерін өзгерткені туралы ақпарат тарады. Онда жылдық қызмет көрсету, картаны қайта шығару ақысы 10 мың теңге болатыны айтылған. Сонымен қатар комиссия мен өзге де шығындардың өскені көрсетілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желіде тараған ақпарат бойынша, биыл 31 наурыздан бастап Kaspi Gold картасының жылдық қызмет көрсету ақысы 10 мың теңге болады.

  • Картаны қайта шығару да 10 мың теңге тұрады;
  • Басқа банктердің карталарына аударымдар: комиссия 5% (кемінде 200 теңге);
  • Шотқа ақша салу немесе алу: лимиттен асқан сомалар немесе үшінші тұлғалардан келген ақша үшін комиссия 5% дейін көтеріледі;
  • Жеке кәсіпкерлерге: 10 мамыр 2026 жылдан бастап 300 мың теңгеден асатын операцияларға да 5% комиссия салынады;
  • Шетелдік аударымдар: әрбір төлемге 1 теңге комиссия;
  • Ақша алу комиссиясы бұрынғы 0,95%-дан бірден 5%-ға көтеріледі.

Сонымен қатар, Kaspi Pay шотын ашу 31 наурыздан бастап 15 мың теңге, ай сайынғы қызмет көрсету ақысы да 15 мың теңге болатыны айтылған. 



Дегенмен банк ақпарат желіге тарағаннан кейін ресми пікір білдіріп, арнайы құжатты көрсетті

“Біздің сүйікті клиенттеріміз бен серіктестеріміз үшін тарифтер мен қызмет көрсету шарттары өзгерген жоқ. Желіде Kaspi.kz тарифтері, Kaspi Gold-қа жылдық қызмет көрсету және оны қайта шығару құны, Kaspi Pay шарттары және басқа банк карталарына ақша аударғаны үшін комиссия өзгереді деген ақпарат тарады. Бұған Қазақстан Республикасы заңнамасына сай шекті мәндер көрсетілген тарифтер туралы жаңартылған заңды құжаттың дұрыс түсіндірілмегені негіз болған. Егер қандай да бір өзгеріс болса, біз бұл туралы әрдайым алдын ала және ашық түрде хабарлауға дайынбыз”, – деді компания. 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 11 Ақпан, 2026 12:44