Қызмет барысында ауыр жараланып, 6 жыл бойы төсекке таңылған әскери қызметкер Тоқаевтан көмек сұрады
№21450 әскери бөлімінің бұрынғы қызметкері Төребаев Нұрлыбай әскери борышын өтеу кезінде мойын омыртқасынан ауыр жарақат алып, төсек тартып жатқанына 6 жыл болды. Ол аяққа тұру үшін мемлекет басшысынан көмек сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Нұрлыбай Төребаев 6 жыл бойы емделіп, аяққа тұруға тырысқан. Алайда алған жарақаты ауыр болғандықтан жүріп кету әлі де мүмкін емес. Айтуынша, ол денсаулығына байланысты Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа көмек сұрап хат жазған.
“Мен және маған күтім жасап жатқан жанұяма Алматы қаласынан қайтарымсыз пәтер беруін сұрадым. Өйткені мен үшін Алматы қаласында жақсы медициналық орталықтар, жоғары деңгейдегі оңалту орталықтары мен мамандар және тәжірибелі дәрігерлер бар. Олар менің аяққа тұрума көмектеседі. Атап айтқан орталықтар мен мамандар менің қазір тұрып жатқан жерімде жоқ. Менің Қорғаныс министріне жазған хатыма құрлық әскерлерінің басқармасы заң жүзінде үй берілмейді деп жауап берді”, – дейді Нұрлыбай.
6 айдан астам комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтар ауруханадан шығарылды
Ол заң жүзінде ештеңе сұрамағанын айтады. Нұрлыбай төсекке таңылғаннан бұрын Отан қорғаған адам ретінде және әскери борышын өтеу барысында ауыр жарақат алғандықтан министрліктен көмек сұраған. Алайда ведомство оған көмектесуден бас тартқан.
“Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев, сізден менің жағдайымды түсініп, көмектесуіңізді сұраймын және қол ұшын созады деп үміттенемін”, – дейді Нұрлыбай Төребаев.