Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысындағы "Sax Invest" пирамидасын ұйымдастырушы казиноға 2 миллиард теңге жұмсаған

Фото: Қаржы мониторингі агенттігі

Маңғыстау облысында "Sax Invest" қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеу жұмыстары басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұған дейін хабарланғандай, компания өзін инвестициялық қор, бағалы қағаздар, қаржы құралдары мен басқа да активтердің иесі, сондай-ақ Африкада алмаз өндіру бойынша жаһандық халықаралық жобаның қатысушысы ретінде таныстырған.

Осылайша ұйымдастырушылар мыңнан астам салымшыдан заңсыз түрде 9 миллиард теңгеден астам қаражат тартқан. Тергеу барысында бұл қаражаттың көп бөлігі компания шотына емес, пирамиданың ұйымдастырушысы Меңдіғалиевтің жеке шотына аударылғаны анықталды.

Кейін бұл қаражат оның тарапынан жеке мақсаттарға, соның ішінде казиноға 2 миллиард теңге, "Блайсико" атты бақылауындағы компанияның үлесін сатып алуға 28 миллион теңге, Атырау қаласындағы екі пәтерге 70 миллион теңге, жеке үй құрылысына 120 миллион теңге, шетелде демалуға 377 миллион теңге, қызының Лондондағы оқуына 53 миллион теңге жұмсалған.

Қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында 2023 жылдың басында Мендығалиев 143 салымшымен жалпы 1,2 миллиард теңгеден астам залалды өтеуге қатысты медиативтік келісімдер жасаған. Сонымен қатар ол 2023 жылдың соңына дейін 7 миллиард теңге сомасында 1000-нан астам салымшыға қаражатты қайтарамын деген кепілдік міндеттемелерін берген.

Алайда бұл уәдесіне қарамастан, салымшыларға ақшаларын қайтармаған. 2024 жылдың қарашасында Меңдіғалиевке халықаралық іздеу жарияланды. Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі жалпы құны 600 миллион теңге болатын мүлікке тыйым салынды. Соның ішінді 4 пәтер, 2 жеке үй, 2 автокөлік, 10 мың USDT көлеміндегі цифрлық активтер, сондай-ақ "ForteBank" пен "Қазақстан Халық Банкі" АҚ-ның бағалы қағаздары бар.

Күдікті ретінде Астана, Ақтөбе, Орал және Ақтау қалаларындағы қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін басқарған 10 адам танылды. Олардың жетеуіне қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.


Алматы облысында аудандық білім бөлімінің басшысы және 7 бухгалтер сотталды


Қазақстанда жемқорлардың туыстарының мүлкін тартып алу ұсынылды


Еске салайық, бұған дейін Алматыда қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар адамдарды "видео көріп, байисың" деп алдаған. Қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары салымшыларды трейлерлерді көру арқылы жоғары пайда алу деген сылтаумен жобаларға инвестиция салуға көндірген. Жоба 9 деңгейден құралып, орташа салым сомасы 225 мың теңгеге тең болды. Төлемдер тек USDT криптовалютасында қабылданған.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 21 Мамыр, 2025 09:54
Талқылау