Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Терезе жаппағаны үшін ашуланған": Қызына пышақ ала жүгірген шымкенттік анаға қатысты істің мән-жайы белгілі болды

Шымкентте анасы пышақпен өз баласына шабуыл жасады. Кадрларда кәмелетке толмаған қыз айқайлап, өз анасынан қашып кетуге тырысады. Әйел оған пышақ ала жүгіріп, басынан жұдырықпен, шелекпен ұрады. Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды Otyrar басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: кадрдан скриншот

Бір кезде қыз үйден қашып шығып, көмек шақырады.

Жасөспірімге жасалған қатыгездікті бейнежазбаны тәркілеген полицейлер көрді. Қыздың қолы бірнеше жерден терең тілінген, дәрігерлер оны тігуге мәжбүр болды. Анасының өзі омбудсменге балалы болғаннан кейін көңіл-күйінің күрт өзгеретінін және жұбайымен қарым-қатынасы шиеленіскенін айтқан. Оның ашулануына қыздың терезені жаппағаны себеп болған. Айтуынша, қызы оны тыңдамай, үйге жел кіргізіп алған. 

"Бірінші сәуірде қызға сот-медициналық сараптама жасалды, 4 сәуірде анасына қатысты психиатриялық сараптама жүргізілді. Қызына қатысты мұндай қатыгез қарым-қатынас бұрын да болған деп есептеймін", – дейді Шымкенттегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жанетта Жазықбаева.

Сараптама нәтижесі 10 күнде дайын болады. Сарапшылардың пікірінше, қыз физикалық және психологиялық жарақат қана алған жоқ. Қазір онымен психологтар жұмыс істеп жатыр.

"Қазірдің өзінде балаға қалпына келу үшін ұзақ уақыт және психологиялық қолдау қажет, оның жан жарасы өте ауыр. Бала манипуляция жасайды деп айту өте оңай, бірақ ата-ана тәрбиедегі қатесі үшін өз мойнына жауапкершілік алғысы келмейді", – дейді психолог Герман Владимиров.

Полиция азаптау бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

"Осы факт бойынша 31 наурызда қылмыстық іс қозғалды. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалды. Іс полиция департаменті бастығының бақылауында", –дейді Шымкент қаласы ПД бастығының орынбасары Серік Еркешов.

Қазір қыз әкесімен бірге. Осы оқиғадан кейін екінші жұбайы омбудсменге анасымен бірге қалған екі жас баласына қауіпсіздікті қамтамасыз етуді сұрады. Алайда бала құқықтары жөніндегі уәкілдің сөзінше, сараптама қорытындыларын алғанға дейін мұны істеу мүмкін емес.

Айта кетейік, желіде жасөспірім қыздың аяусыз соққыға жығылғаны түсірілген видео тараған еді. 

Шымкент қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Полицияның мәліметінше, жасөспірім әйелдің бірінші некесінен туған қызы екені анықталған. Қазір қыз әкесінің қамқорлығында. 

Балнұр Қожагелді
Сейсенбі, 09 Сәуір, 2024 09:09