Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызымның әурет жерін ұстаған": Қазақстандық ер адам бұрынғы қайын атасын азғындық жасады деп айыптады

Сырым Абдрахманов:

Фото: Видеодан скрин

Қазақстандық қоғам белсендісі, блогер Сырым Абдрахманов бұрынғы қайын атасын 6 жасар қызының әурет жерін ұстап, азғындық жасады деп айыптады. Бүлдіршін болған жағдайды алдымен өз апасына айтқан, кейін полицияға баяндаған. Бірақ жәбірленуші қазір де нағашы атасының үйінде тұрып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сырым Абдрахманов әлеуметтік желідегі парақшасында жаға ұстатарлық жағдай туралы айтты. Оның сөзінше, бұрынғы қайын атасы 6 жасар қызының жыныс мүшесін ұстаған.

“Балалармен өз апасының үйіне бардық. Кетер кезде анам қызымнан “біреу ренжітті ме” деп сұрады. Сөйтсе қызым нағашы атасы белден төмен әурет жерін ұстағанын айтқан. Яғни, менің бұрынғы әйелімнің әкесі. Маған қазір бұл туралы айту өте қиын. Бірақ айтуға мәжбүрмін”, – дейді Сырым Абдрахманов.

Қыздың әңгімесінен кейін ол бірден полицияға хабарласқан. Сол күні, яғни 26 шілдеде кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекция инспекторларынан құралған кезекші жедел-тергеу тобы мен Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкері келген. 

“Сол кезде анамның қатысуымен қызымнан жауап алынды. Видеотіркегіштер болды. Полиция өкілдері қызымның жауап алу кезінде нағашы атасының оның жыныс мүшесінен ұстағанын растағанын айтты. 27 шілде күні бұрынғы әйелімнің әкесіне қатысты Қылмыстық кодекстің 124-бабы 1-бөлімі бойынша (Көрінеу он алты жасқа толмаған адамға қатысты күш қолданбай азғындық әрекеттер жасау) іс қозғалды”, – дейді жәбірленуші қыздың әкесі.

Ол күдікті деп танылған адамның әлі бостандықта жүргеніне, сондай-ақ қызының әлі күнге дейін нағашы атасының үйінде тұрып жатқанына наразы. 

“Қызым әлі күнге дейін сол үйде тұрып жатыр, түнейді. Анасы жұмысқа кеткенде қызым күдікті адамның қарауында қалады. Мұндайды естуіңіз бар ма?” – дейді ол таңғалып.

Осыған байланысты Ақтөбе облысы полиция департаментіне сұрау салдық. Полицияның мәліметінше, қазір бұл іс бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

“Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайларын жан-жақты және объективті түрде анықтаймыз. Қазір кәмелетке толмаған баланың анасымен бірге басқа жерде тұруын қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды. Қылмыстық істі тергеп-тексеру барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында. Іс бойынша кәмелетке толмаған тұлғаның қатысы бар екенін ескере отырып, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес басқа ақпарат жария етілмейді”, – деп жауап берді ведомство.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 06 Тамыз, 2025 12:31
Талқылау
`