Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызымды пәк күйінде өткізгем: Шымкенттегі интернатта 43 қызға спираль салғандар жайлы жаңа деректер айтылды

Бірнеше күннен бері «мүгедек қызымды бірнеше жыл бойы зорлады және жүктіліктен сақтау үшін спираль салып қойған» деген мазмұндағы шымкенттік ананың үндеуі - қоғамда үлкен резонанс тудырды. Жабық мекемедегі қыздар кімнен жүкті болып қалуы мүмкін? Интернат өкілдері қорғауындағы қыз балаларды қандай жүктіліктен қорғап әлек болған? Ақыл-есі кем науқастардың ағзасына туыстарының рұқсатынсыз спираль салу заңды ма?

Бұл туралы "Сөздің шыны керек" бағдрламасында айтылды.

Әлия Мамытова, «Шымкенттегі №2 мүгедектерге арналған интернаттың қамқорлығына берген науқас қызыма аталған мекеменің өзіме ескертпей, жүктіліктен сақтау спиралін қоюы қылмыс» деп полицияға да шағымданған. Қазір полиция департаментінің қызметкерлері бұл кісінің шағымы бойынша, бірнеше рет жасалған зорлау тармағымен іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.

«Жүктіліктен сақтандыратын спиральді укол деп ұққан науқас қызымнан өзге 43 қыз-келіншекке спираль салған» деген ананың арызына қатысты арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстары да жүргізілуде.

Интернат басшылары, ондағы әйел адамдарға жүктіліктен сақтану құрылғысы қойылатынын растап, 32 әйелге спираль қойылғанын айтты. 

Мекеме басшылығы "денсаулық сақтау министрлігінің №626 бұйрығының негізінде бала туу жасындағы, яғни, 18 жастан 49 жасқа дейінгі әйелдерге медициналық тексеруден кейін бала тууды бақылау спиралі қойылады" деп жауап берді. 

Алайда бұл бұйрықың күші жойылған. "Жүктілікті жасанды түрде үзу туралы бекіту" бұйрығы мен "консультациялық-диагносткалық көмек көрсету қағидаларын бекіту" туралы 2015 жылдың шілдесінде шыққан бұйрық екен. Бұл құжаттың да күші жойылған. 

Жәбірленушінің анасы Әлия Мамытова қарашадан бері істің орнынан қозғалмағанын ашуланып, желіде жанайқайын жайып салды. 

Шымкенттегі жауапты мекеме бұған қатысты тексеру жүргізіп жатқанын айтты. 

Аталған мекемеде 120 әйел адам бар, оның 32-не спираль қойылғаны расталды. 

"Қыздар демалыс уақытында үйлеріне барады. Интернаттан тыс біз оларда не болып жатқанын білмейміз", - дейді интернаттағылар.

"Бұл заң тұрғысында дұрыс емес. Спираль әйелдің өз еркімен салынады. Оның еркісіз, ата-анасына ескертпестен ешкімнің спираль салуға құқығы жоқ. Ақыл-есі дұрыс адамды да, дұрыс емес адамды да жыныстық зомбылықтан сақтау керек. Ол үшін арнайы құралдарды енгізіп сақтау дұрыс емес. Спираль - бұл керісінше қылмыстың ізін жасыру мақсатында ғана жасалған", - деді заңгер Орынбасар Тілепберген.

Шымкент полициясы іс қозғап тергеу жұмыстарын жалғастыруда. 

Айта кетейік, жәбірленушінің анасы Әлия Мамытова интернатта 40-тан астам қызға жасырын түрде спираль қойғанын мәлімдеді. Мекеме қызметкерлерінің ақпаратты растағанына қарамастан, әйелдің айтуынша, тергеу кешеуілдеп тұр. 

Талқылау