Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызымды кеудесіне қысып күліп жатқан": Ақтөбеде құдыққа түскен қызды құтқару кезінде қаза тапқан спортшының отбасына үй берілді

Ақтөбеде құдыққа түскен қызды құтқару кезінде қаза тапқан спортшының отбасына үй берілдіКоллаж: Stan.kz 

Ақтөбеде құдыққа түскен қызды құтқару кезінде қаза тапқан 38 жастағы еркін күрес жаттықтырушысы Нұрбол Бердіғалиевтың отбасына Ақтөбе қаласынан үш бөлмелі үй берілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Баспана кілті спортшының әйелі мен 6 баласына Харекет қорының салтанатты кешінде табысталды.

Осыған дейін Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Жарлы ауылында болған қайғылы оқиға туралы жаздық. Ауылдағы ескі құдыққа құлап кеткен 7 жасар қызды құтқару үшін еркін күрестен жаттықтырушы Нұрбол Бердіғалиев алғашқы болып көмекке келді. Құдық түбіндегі улы газ әсерінен екі адам да уланып, мерт болды.

Бұл оқиғадан кейін жұртшылық Нұрбол Бердіғалиевтің батылдығы мен ерлігін ерекше атады. Қоғам белсенділері марқұмның отбасына баспана беру мәселесін көтерді. Қуанышты хабар кеше әлеуметтік желіде тарады. Спортшының отбасы үйлі болды. Мұны аудан әкімдігі растады.


Алматыда бір топ жігіт ұрлап кетпек болған қызды көршілері құтқарып қалған (видео)


Павлодар облысында ер адам өртеніп жатқан үйден отбасын құтқарып, өзі қаза тапты


“Отбасыға Ақтөбе қаласынан 3 бөлмелі үй берілді. Аудан әкімдігі мен Харекет қоры бірігіп алды”, – деп хабарлайды Байғанин ауданы әкімдігі.

Нұрбол Бердіғалиев – 6 баланың әкесі және еркін күрестен жаттықтырушы болған. Ол Байғанин ауданының тумасы. Жарлы ауылында 8 жылдан бері жаттықтырушы ретінде еңбек еткен. 

 Ақтөбеде құдыққа түскен қызды құтқару кезінде қаза тапқан спортшының отбасына үй берілді

Фото: Stan.kz (құтқарылған қыз)

Ал спортшы құтқармақ болған бүлдіршін көршісінің 7 жасар қызы - Айнамкөз Елеусіз. Қыздың анасы Айгүл Есбергенова қызының жансыз денесі спортшының құшағында болғанын айтты.

"Құдыққа түсіп қаза болған Айнамкөзіме алты ай болды. Ол менің тұңғышым еді. Алғашында жасы 9 деп қате ақпарат тарап кетті, шын мәнінде қызым небәрі 7 жаста болатын. Сол күні мен жақында ғана босанып, үшінші қызымды үйге әкелген едім. Жаз болса да өзімді жайсыз сезініп, үйден көп шықпай жүргенмін. Қайғылы оқиға кешке таман болды. Балалар сыртта тығылыспақ ойнап жүрген. Қызым құдыққа түсіп кеткенде, көршіміз Нұрбол ағаның қызы әкесіне жүгіріп барып айтқан. Бұл ескі, шыңырау құдық, беті көлік дөңгелегімен жабылған. Нұрбол аға қызымды аяғына байлап шығаруға тырысқан. Қызымды барынша кеудесімен қорғаған. Ағасы екеуінің беті күлімсіреп жатқанын айтты. Бұл сөз мен үшін үлкен жұбаныш болды. Қызым қорықпаған, Нұрбол ағасы келгенде тынышталып, ұйықтап кеткен шығар деп ойлаймын. Сараптама қызымның өлімі 3 минут ішінде болғанын көрсетті. Нұрбол ағаның отбасы керемет адамдар, бала-шағасы үлкен азамат болып өссін", –дейді бүлдіршіннің анасы.

Осыған дейін полиция департаменті аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады. Кейін қылмыс құрамы болмағандықтан қысқартылды.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 24 Қараша, 2025 18:52
Талқылау