Қызылшамен ауыратындар саны артып келеді: Дәрігерлер алматылықтарға ескерту жасады
Алматыда санитарлық-эпидемиологиялық басқарма өкілдері қызылшамен ауыратындар санының артуына байланысты ескерту жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: mavink.com
Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлының айтуынша, биыл наурыз айынан бастап оңтүстік мегаполисте қызылшаның зертханалық расталған 1987 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 1636 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар (82,3 пайыз) арасында болған.
"Қазіргі уақытта Алматы қаласында қызылша ауруы бойынша тұрақсыз эпидемиологиялық жағдай қалыптасып отыр. Балалардың аурушаңдығы негізінен екпеден бас тарту, сондай-ақ екпеден медициналық босату және екпе жасына жетпеу салдарынан егілмегендер арасында тіркеліп отыр. 1636 баланың 103-і (6,3 пайыз) қызылшаға қарсы, оның ішінде 71-і (68,9 пайыз) бір рет, 32 (31,1 пайыз) екі рет егілген. 1533 бала (93,7 пайыз) екпе алмаған, оның ішінде екпеден бас тартуға байланысты – 1109 (72,3 пайыз), медициналық қарсы көрсетілімдер – 219 (14,2 пайыз), 205 жағдайда (13,3 пайыз) бала екпе жасына жетпеген", – деді ол.
Алайда соңғы бір жылда қалада қызылша мен қызамықтың зертханалық расталған жағдайы тіркелмеген.
"Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізуде. 16 495 байланыста болған адам анықталды, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша қызылшаға қарсы шұғыл иммундауға жататын 477 адам егілді. Барлық байланыста болғандарға медициналық бақылау орнатылды. Ал қызылша ауруының алдын алу бойынша санитарлық-ағарту жұмыстары жүргізілді", – деп атап өтті Қасымхан Алпысбайұлы.
Қаладағы тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты оңтүстік мегаполистің эпидемиологтары ауру белгілері пайда болған кезде мыналарды қатаң түрде сақтауды ұсынады:
- өзін-өзі емдеуге болмайды, үйге дәрігер шақырып, дәрігердің нұсқауы бойынша ем қабылдаңыз;
- үйде болыңыз, жұмыс орындарына, сондай-ақ қоғамдық орындарға бармаңыз. Атап айтқанда, амбулаторлық емделетін науқастар үйден оқшаулауды қатаң сақтауы керек;
- ауру балаларды ұйымдасқан топтарға, мектептер мен балабақшаларға жібермеу.
Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қызылша инфекциясының, сондай-ақ оның асқынуының алдын алудың бірден-бір тиімді құралы екпе екенін еске салады. Қызылшаға қарсы егу 1 жас және 6 жаста 2 рет жүргізіледі. Бұл вакцинациядан кейінгі иммунитетті дамытуға мүмкіндік береді. Сіз алған қызылшаға қарсы вакцинаның әрбір дозасы балаңыздың иммундық жүйесін нығайтады.
Вакцинация үшін ДДҰ сертификаттаған және Қазақстанда тіркелген қызылшаға, қызамыққа, паротитке қарсы біріктірілген вакцина қолданылады. Вакцинация тұрғылықты жері бойынша қалалық емханалардың барлық екпе кабинеттерінде тегін жүргізіледі.
Балаларды жоспарлы вакцинациялау тұрғылықты жері бойынша қалалық емханалардың барлық екпе кабинеттерінде тегін жүргізіледі. Қалған тұрғындар қызылшаға қарсы егуді жеке егу клиникаларында ақылы түрде ала алады.
Қызылша – ауа-тамшылы инфекциялар тобына жататын жіті жұқпалы вирустық ауру. Ауру адамнан адамға ауа арқылы тыныс алу тамшылары арқылы немесе жұқтырған адамдардың мұрнынан немесе тамағынан бөлінетін заттармен тікелей байланыста болады. Қызылша – адамның ең жұқпалы инфекцияларының бірі, себебі қызылшаға қарсы вакцина алмаған адамдардың 90 пайыздан астамы инфекция көзімен байланыста болғаннан кейін ауырады.