Қызылордалық дәрігер-инфекционист Айгүл Балмаханова: СПИД диагнозымен ұзақ өмір сүруге болады
ХХІ ғасыр дертіне айналған СПИД (ЖИТС – жұқтырылған иммундық тапшылық синдромы) ауруының емі әлі күнге дейін ғылыми түрде табылған жоқ. Жыл сайын әлем елдері бойынша осы дертке шалдығушылардың қатары артып келе жатыр. Өкінішке қарай, біздің елімізде де осы диагнозбен өмір сүріп жатқан жандар жетерлік. Әрбір науқас үздіксіз ем мен дәрігерлердің бақылауын қажет етеді. Қызылордалық дәрігер-инфекционист Айгүл Балмаханова СПИД дертіне душар болған жандармен жұмыс жасап келе жатқан тәжірибелі маман. Ақ халатты абзал жан Stan.kz тілшісімен сұхбаттасып, емі жоқ дерттің ерекшеліктері туралы айтып берген еді.
– Қайырлы күн, Айгүл Майданбайқызы! Дәл қазіргі уақытта Қызылорда облысында неше адам СПИД ауруына шалдыққан. Науқастар арнайы есепке алынады ма?
– Қайырлы күн. Әрине, арнайы диспансерлік есеп жүргізіледі. Бүгінгі таңда Қызылорда облысы бойынша 141 адамнан аталмыш дерт анықталған. Науқастардың барлығы мамандардың бақылауына алынған. Өңіріміздегі ЖИТС-тің алдын-алу және оған қарсы күрес орталығымен тығыз байланыс орнатылған. Көп жағдайда ем алушылардың аты-жөндері ешқайда жарияланбайды. Олардың қазіргі қоғамда құқықтарын қорғауға үлкен мән беріледі. Айта кету керек, ең жасы кіші науқасымыз 10 жаста, ең кәрі ем алушы 78 жастағы әйел азамат. Олардың әрбіріне арнайы ем тағайындалған.
– Жалпы, СПИД ауруының симптомдары қандай болады? Жалпы ем шаралары қалай жүргізіледі?
– Негізінен, көп науқастар инфекцияны жұқтырып алғандарын білмей жатады. Қауіпті вирус адам қанында 5-7 жылға дейін ешқандай клиникалық белгілерін байқатпауы мүмкін. Кейін ауру асқынған жағдайда өкпе туберкулезі, ісік аурулары, жоғары тыныс жолдарының инфекциялары пайда болуы мүмкін. Нақты диагноз зертханалық зерттеулерден кейін қойылады. Аталмыш инфекцияны емдеуде антиретровирусты терапия қолданвлады. Яғни, азаматқа диагноз қойылғаннан кейін, екі аптаның ішінде ем тағайындалады. Вирустың асқынып кетпеуі мақсатында науқасқа дәрі-дәрмектер беріліп, маманның бақылауына алынады.
- Қымыздың қандай пайдасы бар?
- “Бір өнім барлық ауруға ем бола алмайды”: Қазақстандықтар арасында сұранысқа ие нано бальзамның қауіпі жайлы маман түсіндірді
– СПИД инфекциясына шалдыққан азаматтардың өмір сүру ұзақтығы неше жыл? Әлемдік көрсеткіш қандай?
– Негізінен, бұл диагнозбен ұзақ өмір сүруге болады. СПИД анықталған адам бір-екі жылдың ішінде көз жұмбайды. Ол үшін антиретровирусты терапияны уақытында бастау қажет. Яғни, дәрігер берген препараттарды дер кезінде ішіп, маманның бақылауында болған дұрыс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, аталған инфекцияны жұқтырған науқас 50 жылға дейін қалыпты өмір сүре алады. Алайда әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бұдан да ұзақ уақыт өмір сүріп жатқан науқастар бар. Барлығы ем мен күтімге байланысты.
– Жалпы, СПИД ауруы адамға бірнеше жолмен жұғатынын білеміз. Қазір қандай жолмен жұғу жиілеп кеткен?
– Қазір статистикалық ақпарат көрсеткендей, көбіне науқастар бұл дертті жыныстық қатынас арқылы көп жұқтырып жатыр. Қорғаныш құралдарын пайдаланбайтын жастар көп. Кейбір ер азаматтар жеңіл жүрісті қыздардың қызметін пайдаланады. Бір-бірін дұрыс танымайтын кісілер де төсекте бас қосып жатады. Осындай жағдайлардың салдарынан ауру көп тарап кетеді. Қызылорда облыстық ЖИТС- ті алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары насихат жұмыстарын көп жүргіземіз. Білім ошақтарында түрлі шаралар ұйымдастырып, қорғану құралдарының маңыздылығын түсіндіреміз.
– Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда көпшілігіміз СПИД ауруы туралы айтылса, үрке қараймыз. Ал бұл диагнозбен өмір сүріп жатқан науқастарға тіпті қиын екені түсінікті. Жалпы, ем алушыларға психологиялық тұрғыда көмек көрсетіледі ме?
– Расымен, бұл диагнозды есту оңай емес. Бастапқыда науқас бұл жағдайды қабылдай алмай депрессияға түсіп, қатты стресске душар болады. Көздерінің нұры өшіп, өмірге деген қызығушылықтары болмай қалады. Осындай кезде орталықты мамандандырылған психологтары мен дәрігер - инфекционистеріне негізгі жауапкершілік жүктеледі. Бұл статуспен ұзақ және қалыпты өмір сүруге болады. Инфекция жұқтырған науқастар өмірге бала әкеліп, ата-ана бола алады. Ең бастысы дәріні үзбей ішіп, күтініп жүру керек. Орталық мамандары ем алушыларға осы мәселелерді түсіндіреміз. Депрессияға түсіп кеткен азаматтармен жеке-жеке жұмыс жасаймыз. Суицид және басқа да қайғылы жағдайлардың алдын алуға тырысамыз. Ең бірінші кезекте, науқастың өмірге деген құштарлығы жоғалмауы керек. Қалған жағдайларда жұмыс жасау айтарлықтай қиын болмайды.
Қазақстанда ВИЧ 1987 жылы келген. Бұл ауру Алматыда Африка елдерінен оқуға келген төрт студенттен анықталған. Бұл вирус 1990 жылдары елде нашақорлар арасында ине арқылы, кейінгі он жылдықта жыныстық жолмен тез таралып кетті. Індет ең алғаш тіркелген күннен бері елімізде 41 мыңнан астам азамат аталмыш дертке шалдыққан.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
