Қызылордада тұрғындар 1 миллиард 200 миллион теңгеге салынған қоқысты сұрыптау кешенінің жиі бұзылатынына шағымданды
Фото: сюжет кадрларынан
Қызылорда қаласында 1 миллиард 200 миллион теңгеге салынған қоқысты сұрыптау кешені қайта-қайта істен шығып жатыр. Өйткені, қалдықтардың барлығын рет-ретімен іріктеуге кәсіпорынның қуаты жетпейді екен. Салдарынан тұрғындар контейнерлер толып, қоқыстың шашылып жатқанына наразылығын білдрді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Кешен бес жыл бұрын пайдалануға берілген. Жұмысшылардың айтуынша, сұрыптау кешеніне күніне қаладан қоқыс тиелген 70-тей жүк көлігі келеді. Тек соның 20-сын ғана сұрыптауға шама жетеді екен. Кешенде тіпті бір апта бұрын сұрыптау құрылғысы істен шығып жұмысы тоқтаған. Кейін жөндеу жұмыстары болған. Мамандар мұндай жағдайдың жиі болатынын жасырмайды.
“Айналып тұратын цептің арасына тас, болт кіріп кетеді. Содан тістесіп, тоқтап қалады. Жиі бұзылады. Арасында ремонттап тұрамыз. Айына 2-3 рет бұзылады”, – деді қоқыс сұрыптау кешенінің шебері Самат Алпанов.
Қондырғы сынғанда, күл-қоқысты жұмысшылар қолдан сұрыптауға мәжбүр екен. Ал қала орталығында тұратын тұрғындардың айтуынша көпқабатты үйлердің алдындағы контейнерлер соңғы уақытта мүлдем тазартылмайтын болған. Төлемді уақытылы жасасақ та, ауламызға қалдықтар шашылып, мүңкіген иісі айналаны алып кететінін жеткізді.
“Оны сапасыз деп айта алмаймыз. Өйткені ол қанша жылдан бері сапалы жұмыс істеп келе жатқан сұрыптау кешені ғой енді. 5 жылдың ішінде ондай ақаулар болып тұрады. Бірақ уақытылы қалпына келтіріп отырмыз. Егер құралдар керек болса, оны тапсырыспен алдырып әрмен қарай жұмыс жасай беретін болады”, – деді Қызылорда қалалық түкш және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Жүсіп.
"Қызылорда тазалық" мекемесінің өкілдері қаладағы қоқысты кестеге сай, уақытылы тазартамыз дейді. Ал пайдалануға берілгеніне небәрі 5 жыл өтсе де, қайта-қайта жұмысы тоқтап қалатын кешенді енді шетелдік компанияның басқаруына тапсыру жоспарланған екен.

"Жиырмадан асқан жігіттер қырындайды": Қызының қатарласындай жас көрінетін 40 жастағы қазақстандық әйел желі жұлдызына айналды
