Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ойнауға шығып кетіп еді": Тоққа түсіп, көз жұмған 11 жасар қазақстандық баланың ата-анасы әділдік іздейді

Қызылорда да тоққа түсіп, көз жұмған 11 жастағы Данияр Рустамұлының ата-анасы әділдік іздейді. Анасының сөзінше, баласының көз жұмғанына дүкен иесі кінәлі. Анасы жеткіншектің ажалы дүкен сыртындағы салқындатқыш қондырғының қоршалмаған электр сымынан болды деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Мәліметтерге сенсек, қайғылы оқиға 5 ай бұрын болса да тергеу әлі аяқталмаған. Бауырлары кешкі уақытта үйінен ойнауға шығып кеткен баланы дүкеннің артынан тауып алыпты. Артынша бірден анасына қоңырау шалған. Осылайша жеткіншекті ауруханаға апарып, дәрігерлер тиісті көмек көрсетеді. Бұған қарамастан электр тоғы ұрған оқушы бес күн бойы ауруханада ес-түссіз жатып, көз жұмды дейді анасы.

"Әуел баста, баланың тоққа түскенін білмедік. Осы жерде ойнап жүргеннен кейін құлап кондиционерге басын ұрып, миы шайқалған шығар деп ойладық. Дәрігер бізден кондиционер қосылып тұрған ба еді деп сұрады. Сол уақытта "иә" дедік. Дәрігердің айтуынша, бала тоққа түсіп,  қолының бәрі күйік алған.  Ес-түссіз 5 күн жатқаннан кейін маған суық хабар келді", – деді Жанар Ләпбаева.

Отбасы қайғылы жағдайға дүкен иесінің салғырттығы себеп болды деп кінәлайды. Айтуларынша, сол уақытта сауда орнының сыртындағы салқындатқыш қондырғыға жалғанған қуаты күшті электр сымдары қоршалмапты.

Ал ойын баласы сол тоқ сымын абайсызда ұстап қалған дейді туыстары. Марқұмның әкесі, Рүстем Ерубаев жеткіншектің өлімімен аяқталған іс әлі күнге сотқа жетпегенін айтты.

"Бұл кісінің кінәсі өзінің ауласына салғырт қарағаны. Әр адам ақша тапса тапсын. Бірақ айналасын қоршап қою керек. Әркімнің баласы мына жерге келіп тоққа түсіп өлмеуі керек. Жалғыз менің балам емес, ертең басқа біреудің баласы келіп өлсе қайтеміз? Жергілікті полицияның қарап жатқан істеріне қанағаттанбаймын. Баламның ісі 27 желтоқсанда жабылып, 30 желтоқсанда қайта ашылған. Істің әділ болғанын қалаймын", – деді Рүстем Ерубаев. 

Ал кәсіпкер бұл оқиға бойынша пікір білдіруге үзілді-кесілді қарсы болды. Тергеушілер қылмыстық іс әлі де жалғасып жатқанын атап өтті. Қызылорда қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімі басшысының орынбасары Талант Қазбек істі тек сот шешеді деп айтады.

"Мезгілсіз өлім” дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қылмыстық іс бойынша сараптама жүргізіліп, қорытындысы алынған. Бұдан бөлек құзырлы органдарға хабарлама жіберіліп, жауаптарын күтіп отырмыз. Қайғылы оқиғаға дүкеннің қауіпсіздігін қадағалайтын барлық орган баға беруге тиіс", – деді тергеу бөлімінің басшысы.

Сондықтан істің ақ-қарасын тек сот қана шешеді деп отыр.



Еске салайық, бұған дейін Қызылордада тоққа түсіп көз жұмған 11 жасар Данияр Рустамұлының отбасы әділдікті талап етіп жатқанын жаздық. Айтуларынша, қазаға желдеткіш тоқтарын ашық қалдырған кәсіпкерлер кінәлі. Оқиға күні Данияр досымен ойнап жүріп жасырынбақ болып, шұжық цехының бұрышына барған. Кейін ол жерден ағасы оны ес-түссіз күйде тапты.

Талқылау