Қызылордада полиция бастығының орынбасары баласының бұзықтығы үшін жазаға тартылды
Қызылордада қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары қатаң сөгіс алды. Ол баласының бұзықтығы үшін жауапқа тартылып отыр деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Полицейдің 15 жастағы ұлы наурыз айының басында өзге жасөспірімді ұрды деп айыпталған. Яғни кәмелетке толмаған екі бала арасындағы сөзге келіспеушілік төбелеске ұласқан. Салдарынан 12 жастағы мектеп оқушысы зардап шекті. Осылайша ұлының әрекеті үшін әкесі жазаға тартылып отыр.
"Ішкі істер органдары қызметкерлерінің беделіне нұқсан келтіргені үшін қалалық полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасарына тәртіптік шара қолданылды - қатаң сөгіс. Бұл шенеуніктің Қызылордадағы "Тарлан" спорт кешені алдында жасаған әрекеті қоғам тарапынан қатаң сынға ұшырады және тәртіп сақшысына сай емес", - делінген ақпаратта.
Дей тұрғанымен, бұл жағдайдан кейін полицейдің келіншегі де жәбірленуші тараптың үстінен арыз түсірген. Шағымда 12 жасар баланың әкесі ұлына күш көрсеткені жазылған.
Қазіргі уақытта екі тараптың да ісі полиция тергеуінде.