Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада әйел алтын сатып алған отызға жуық адамды 70 миллион теңгеге сан соқтырып кетті

Фото: Вмдеодан скрин

Қызылорда облысында жүзге жуық адам алтын саудасымен айналысатын әйелге алданып қалған. 34 жастағы келіншек тұрғындарды “бағалы бұйым бизнесіне инвестиция құйсаңдар, мол табысқа кенелесіңдер” деп сендірген. Соңында жұрт миллиондап берген ақшаларын қайтара алмай қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жәбірленушілердің айтуынша, Ақжар ауылында тұратын келіншек тұрғындарды алтын саудасына қаражат салуға шақырған. Яғни, инвестор болып, пайда табасыңдар деп үгіттеген. Алаяқтың сөзіне сенген адамдар кәсіпке азаматтар 2 мен 25 миллион теңге арасында ақша құйған. Алғашында тұрғандар үстемақысын алса, соңындағылар бармақ шайнап қалған. 

Алданған жұрт полицияға қанша арыздансақ та, күдікті әлі де бостандықта жүр деп ашынады.

“Бірінші қалалық ішкі істер бөліміне, екінші прокуратураға жаздық. Үшінші Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жаздық. Ұжымдық арыз да, жеке де жаздық. Ешқандай жауап жоқ, ешкіммен беттестірген де жоқ. Жауапсыз қалып отыр”, – дейді жәбірленуші Айнұр Шабдатқызы.

Халықтан қыруар қаражат жинаған келіншектің өзімен хабарласу мүмкін болмады. Ал экономикалық тергеу департаментіндегілер “қаржы пирамидасын құру” бабымен іс қозғалғанын жеткізді.

Алаяқтардың үстінен арызданғандардың саны 30-дан асып отыр.

“Қызылорда облысының азаматтарының арыздары негізінде 15 мамырда сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Іс бойынша арызданушылар саны 30-дан астам. Оларға келтірілген залал мөлшері 70 миллионнан астам сомаға тең”, – дейді Қызылорда облыстық экономикалық тергеу департаментінің басқарма басшысы Жандос Кенжебаев.

Алдандық деп арыз жазып жатқандардың легі әлі де көбеюуі ықтимал. Құзырлы орган өкілдері күдіктінің кінәсі айқындалса жазадан құтылмайды деп уәде берді. 

Айым Болатқызы
Жұма, 23 Мамыр, 2025 08:29
Талқылау