"Алтауы бір балаға жабылған": Қызылордада жасөспірімді мектеп дәретханасында топ болып ұрып-соққан (видео)
Фото: Видеодан скрин
Қызылорда қаласында 10-сынып оқушысын қатарластары дәретханаға алдап шақырып, ұрып-соққан. Салдарынан жасөспірімнің жақ сүйегі мен мұрны сынған. Ал анасының сөзінше, инспектор істі жабуға тырысып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Halyqstan Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 8 қазан күні таңертең қаладағы №198 орта мектеп дәретханасында болған. Жанжалдан бір күн бұрын “Күзгі бал” байқауының чатында Олег пен басқа сыныптың бір оқушысы арасында кикілжің туындаған. Сол жағдайдан кейін қыздың сыныптасы Рамазан Олегті мектеп дәретханасына “сөйлесуге” шақырып, өзімен бірге бірнеше баланы ертіп барған. Олар жабылып, жалғыз оқушыға шабуыл жасаған. Бірі есікті күзетіп, басқалары болған жағдайды видеоға түсірген.
"8 қазанның таңында маған сынып жетекшісі хабарласып, “Олег баспалдақтан құлап, мұрнын жарақаттады” деді. Мектепке жедел жәрдем шақырылған. Біз дереу балалар ауруханасына бардық. Бірақ бізді бөлмеден бөлмеге, дәрігерден дәрігерге жіберіп, ұлым қансырап отырса да, бірден көмек көрсетпеді. Ақыры компьютерлік томография жасалып, жарақаттардың сипаты анықталды. Нәтижесінде жақ сүйегі екі жерден және мұрнының сынғаны, миының шайқалғаны анықталды. Дәрігер-хирург зерттеу қорытындысын көріп, бірден “бұл баланы ұрған” деп нақты айтты. Ұлым да мұны растады", – дейді Наталья Ким.
Ақтөбе облысында 14 жастағы баланы оқушылар ұрып өлтірген: Даулы іске үкім шықты
Алматыдағы мектептердің бірінде оқушыны соққыға жығып, мұрнын сындырған
Жағдайдың ақ-қарасын білген соң насы бірден полицияға хабарласқан. Бірақ ауруханаға учаскелік инспектор емес, мектептің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы келген. Ол төбелестің алдын алуға және мектеп қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты қызметкер еді. Ол істі “жабуға” тырысқандай көрінген, бірақ анасы оған қарсы шыққан. Инспектор арызды тек электронды форматта қабылдап, кейін мәтінді өзгерткен. Сөйтіп, анасының “баламды топ болып ұрып-соқты, ауыр жарақат алды” деген сөздерін алып тастаған.
"Маған “тергеуші сізбен хабарласады” деді. Бірақ бір аптадан астам уақыт өтті ешкім хабарласпады. Есесіне кейбір шабуыл жасаған балалардың ата-аналары хабарласты. Тіпті олардың таныстары да хабарласып жатыр. Ауруханаға палатаға кіруге тырысты, бірақ мен жолатпадым. Айтпақшы, солардың бірі бұрынғы полиция қызметкері екен. Мектепте олар біз туралы “ақша алып, арызды қайтарып алды” деген өсек таратыпты. Бұл нағыз масқара, жалған сөз. Біз әділ тергеу мен кінәлілердің жазалануын талап етеміз", – дейді Наталья Ким.
Ал қазір Олег ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер оған ота жасап, жақ сүйектерін уақытша темірмен бекіткен. Қазір ол қатты ауырып, тамақ іше де алмай отыр екен. Оны ұрып-соққан сыныптастары “алты адам бір балаға” жабылған видеоны әлеуметтік желіге өздері жүктеген. Кейін қорқып, өшіріп тастаған. Бірақ ешқайсысы кешірім де сұрамаған, өкініш те білдірмеген.
Осы уақытқа дейін тергеуші зардап шеккен оқушымен кездесіп, түсініктеме де алмаған. Сонымен қатар сот-медициналық сараптама да тағайындалмаған. Есесіне полиция қызметкерлері баланың анасы жазған арыздағы “соққыға жықты”, “екі жерден жақ сүйегі сынған”, “ашық сынық”, “ми шайқалу” деген сөздерді алып тастаған.
Олегтің анасы Наталья Кимнің айтуынша, оның ұлын алты бала ұрып-соққан. Алайда соңғы нұсқадағы ресми арызда бұл “бір-бірімен төбелескен” деп көрсетілген. Енді отбасы істің жылжып, әділ тергеу жүргізіліп, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қызылордада оқушылар арасындағы жанжал пышақ жарақатымен аяқталғаны туралы жазған едік.

"70 күннен аса жүрдік": Қытайдан Астанаға атпен жолға шыққан жас жұбайлар көпшіліктің ықыласына бөленді
