Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада ер адам базарда өз-өзіне бензин шашып, жұртты дүрліктірді

Қызылорда қаласының базарында болған жанжал кезінде ер адам өз-өзіне бензин шашқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Instagram желісіндегі жергілікті топта осы оқиғаның мән-жайы жарияланды. Куәгерлердің айтуынша, базарда кептірілген жеміс сататын екі саудагер жанжалдасып қалған.

"Дау-дамай базардағы орын үшін басталды. Ер адам біздің көзімізше үстіне бензин құйып жіберді. Сосын оқиға орнына құқық қорғау органдарының қызметкерлері келіп, оны алып кетті", - деп жазды желі қолданушылардың бірі.

Қызылорда қалалық полиция басқармасы осы оқиғаның бір күн бұрын болғанын растады. Екі саудагер сөзге келіп қалып, арты жанжалға ұласқан. Сол кезде біреуі өзіне бензин шашып, халықтың зәресін ұшырған. Оның көші-қон заңнамасын да бұзғаны анықталды.

"Кептірілген жеміс сататын Өзбекстан Республикасының азаматы ұсталды. Оған қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 517-бабы, 5-тармағы бойынша көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін хаттама рәсімделді", - дейді полицейлер.

Қазіргі кезде барлық материал Қызылорда қаласының әкімшілік сотына жіберілді. Соңғы шешімді судья шығарады.

Айта кетері, 517-баптың 5-тармағында визада көрсетілген мақсаттарға сай келмейтін және рұқсатсыз еңбек қызметін жүргізу туралы айтылған. Осы әрекет үшін 25 АЕК (76 575 теңге) көлемінде айыппұл салу не 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу немесе Қазақстаннан әкімшілік жолмен шығарып жiберу жазасы қарастырылған.

Талқылау