Қызылордада 6 жасар екі қызды зорлаған адам қылмыстық жауаптан босатылды
Қызылорда соты алты жасар екі қызға қатысты зорлық-зомбылық жасаған ер адамды қылмыстық жауапкершіліктен босатып, мәжбүрлеп емдеуге жіберді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының хабарлауынша, сотталушыға қатысты қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралды.
"Ақыл-есі кем Е екі жас қызға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны анықталды. Оған екі бап бойынша айып тағылды: Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігі бойынша (Кәмелетке толмаған балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық), Қылмыстық кодекстің 124-бабының 1-бөлігі бойынша (Жас балаға қатысты күш қолданбай азғындық әрекеттер жасау)", – делінген хабарламада.
Сотталушының кінәсі қылмыстық іс материалдарымен, сарапшылардың қорытындыларымен, куәлардың айғақтарымен толық дәлелденді.
"Сот шешімімен сотталушы Е ақыл-есі дұрыс еместігіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Сот Қылмыстық кодекстің 16-бабында (Есi дұрыс еместiк) көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданды", – делінген хабарламада.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.