Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Баланы суретке түсіріп, жүйеге жүктейді": Қызылордалық ата-аналар балабақшадағы жаңа жобаға наразы

Жергілікті білім басқармасы қаладағы балабақшаларға жаңа жоба енгізді. Жаңашылдыққа сәйкес тәрбиешілер балабақшаға келген балаларды күнделікті сканерлеп, суретін арнайы бағдарламаға жүктеп отыруға тиіс. Алайда балалардың ата-аналары бұл жобаға қарсы екенін және оны тоқтатуды талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Ата-аналардың айтуынша, жоба жан-жақты ойластырылмаған. Олар балаларының qazna-face деп аталатын телефон қосымшасына түсірілген суреттері басқа да интернет платформаларға таралып жатқанын айтып, дабыл қақты. Наразы топ әлдекім бүлдіршіндерінің жеке деректерін құйтырқы әрекетіне пайдалана ма деп алаңдайды.

“Балабақша тарапынан бізге бұл ескертіліп айтылған жоқ. Сонымен қатар біз бұл фейс программасы балаға зиян деп ойлаймыз. Яндекс программаларда да, басқа да интернет жүйесінде балалардың суреті таралып кетіп жатыр”, – дейді қала тұрғыны Жанар Ағымбаева. 

“Яндекс платформасында ма, сондай жерде баланың жеке деректері тарағаны туралы интернеттен естіп жатырмыз. Баланың қауіпсіздігі үшін негізі фейсбақылауға қарсымыз”, – дейді тұрғындардың бірі Ләззат Қасымова.

Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің қызметкерлері балаларды түсіру үшін ата-аналардан рұқсат сұрамаған. Ата-аналардан бөлек, балабақша қызметкерлері де бұл жаңашылдық жұмысқа кедергі келтіретінін жасырмады.

“Таңертең баланы фотоға түсіру қиындық туғызады. Суретке тәрбиеші түсіреді. Сол кезде баланы қабылдайды, кейде қабылдамайды. Сабақ өтетін бар уақытымызды осы балаларды суретке түсірумен жүреміз. Бір кезде суретке алмайды, қабылдамай қалады. Баланың ығыры шығады”, – дейді балабақша қызметкері.

“Qazna-face” қосымшасының авторы – қызылордалық компания. Компания өкілдерінің айтуынша, осындай фейс бақылау арқылы бала санын асыра сілтеп, мемлекет қаржысын талан-таражға салған жекеменшік балабақшаларға тұсау салады. Өздері жасаған бағдарламаны мінсіз деп санайды. Бірақ олар бүлдіршіндердің жеке деректері жарияланып кетті деген ақпараттан бейхабар болып шықты.

“Қауіпсіздік комитеті барлығын тексереді. Жан-жақтан өздері шабуыл жасап деген сияқты. Ондай мүмкін емес. Біздің республикамыздағы қауіпсіздік актін беретін мекемеден лицензия алып, тексеруден өткенбіз. Сурет ол қосымшада мүлде сақталмайды. Үшіншіден, ол сурет болып емес, хэшкод болып сақталады”, – дейді компания директоры Таңат Әшімов.

Енді ата-аналар мен балабақша өкілдері жобаны тоқтату керек деген талабын сотқа жолдамақ.

Талқылау