Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылорда облысының тұрғындары жер дауына байланысты бас көтерді

Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты ІІІ Интернационал ауылының тұрғындары егін науқаны жақындаған тұста тағы жырға айналған жер дауын көтерді. Екіге бөлінген халықтың жартысы "Достық" МКК қазіргі басшылығының жұмысына көңілі толмайтыны айтып, бұрынғы директорлы қайта сайлануын қолдайды. Ал екінші тарап бұрынғы төрағаның тұсында ауылды қыруар қаржыға қарызға батырып кеткенін айтады. Сондықтан да оны қайтадан төраға етіп сайлауға қарсы екендігін алға тартады. Екі тараптың уәжін Stan.kz тілшісі тыңдады. 

Қазірде дау салдарынан халыққа тиесілі жерлерді пайдалануда қиындықтар туындауда екен. Сондықтан да ауыл халқы екіге бөлініп, олардың ендігі талабы жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа тұсау салуды көздейді. Әділ сайлау өткізу арқылы, бірауыздан жаңа төрағаны таңдауды талап етуде.

“Негізі осыдан үш жыл бұрын шаруашылықты Миллиар Арифов деген кісі басқарған болатын. Ауылдың жағдайы төмендеп кеткесін ол кісі инвестор тартуға шешім қабылдап, облыс орталығындағы "Абай-Дәулет" мекемесінің директоры, кәсіпкер Мұрат Сәрсенбаевты алып келді. Инвестор ауылды көркейту мақсатында жұмысын бастап кетті. Алайда бір жылдан соң шаруашылық басшысы кенеттен көз жұмды. Дегенмен де инвестор жұмысын тоқтатқан жоқ. Бірақ сол кезден бастап ауыл екі тарапқа бөлініп, екі түрлі пікір қалыптаса бастады. Бірі инвестордың жұмысын мақтаса, екіншісі даттайтын болды. Ақыры М. Сәрсенбаев кетіп тынды. Бүгінде ауылдың жағдайы тоқырап тұр. Енді ауылдың тамырына қан жүгіртетін, тың серпінмен жұмыс жасайтын жаңа төраға қажет. Халықтың негізгі твлабы осы”, – деп өз ойын білдірді ауыл белсендісі Рима Тұрманова.

Осылайша қолдарына түрлі ұран жазылған плакаттар ұстап, наразылыққа шыққан халық бір бітімге келе алмай, ұзақ дауласты. 

Артынша бір мәмілеге келе алмаған екі тарап, ауылдық мәдениет үйінде бас қосып, әділ сайлау өткізу мәселесін талқылады. Жиынға Қармақшы ауданының әкімі Ә. Ерсұлтанов та келіп, наразы топтың талабын тыңдады.

“Дауласқанмен іс бітпейді. Бұл мәселені даурықпай, ел болып, өзіміз шешкен абзал. Сабырлы болайық. Ең алдымен екі жақтың да ұсынып отырған адамдарымен сөйлесіп, бұл мәселені бірлесе шешеміз”, – деді аудан басшысы халықпен кездесуле.

Жиын барысында егін егу науқаны жақындаған тұста жерге қатысты туындаған даулы мәселеге қаныққан аудан әкімі оның оңды шешімін табатынына сендірді. Мұндай даулы мәселе дала дүбірі басталар тұста шаруалардың жұмысын тұралатуы мүмкін екендігіне тоқталып, барлық талаптар ескерілетінін жеткізді. Әзірге даулы мәселенің немен аяқталатыны беймәлім күйде қалып тұр.

Осы орайда айта кету керек, былтыр да осы кезеңде ауылда дәл осындай жерге қатысты дау туындаған болатын. Сол кезде екі тараптың араздығын туғызған бұл мәселе облыс әкімдігіне дейін жеткен еді.

 

Дайындаған: Ербақыт Жалғасбаев

STAN.KZ
Жексенбі, 27 Наурыз, 2022 14:54
Талқылау