Қызылорда облысында жасөспірім аяусыз соққыға жығылды: Полиция тайып құлады деп жалған ақпарат таратқан (видео)
Әлеуметтік желіде Қызылорда облысында жасөспірімді аяусыз ұрып-соққандардың видеосы тарады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Видеода екі адамның жерде жатқан жігітті ұрып жатқанын көруге болады. Олар жігітке "ұйықта" деп соққы мен тепкінің астына алады.
Бұл жағдайға қатысты Қазалы аудандық полициясы жалған ақпарат таратқан.
"Аудандық ауруханадан кәмелетке толмаған баланың емделіп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті, бұл дерек Қазалы ауданының полиция бөлімінде тіркелді. Жасөспірімнің айтуынша, сол күні Әйтеке би кентіндегі Жалаңтөс баһадүр атындағы саябақта жаңбырдан кейін тайғақ жолда абайсызда құлап қалған. Қазір жігіттің жағдайы қанағаттанарлық, жәбірленуші мен ата-анасынан шағым түскен жоқ", – делінген полиция таратқан ақпаратта.
Алайда кейіннен Қызылорда облысының полиция департаменті өкілдері оқиғаға қатысты пікір білдіріп, әлеуметтік желіде қосымша мониторинг жүргізу нәтижесінде, екі кәмелетке толмаған баланың жасөспірімді соққыға жыққанын хабарлады.
"Бұл дерек Қазалы аудандық полиция бөлімінің соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі "бұзақылық" бойынша тіркелді. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдіктілер полиция бөліміне жеткізілді", – деді ведомстводағылар.
Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасы 15 жастағы оқушынының 6 сәуірде жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілгенін мәлімдеді. Айтуларынша, ол бас сүйек-ми жарақатын алған.
"Жәбірленуші дереу аурухананың қабылдау бөлімінде тексеріліп, бас миының жарақатымен хирургиялық бөлімге жатқызылды. 8 сәуірде ата-анасының өтініші бойынша ол Қазалы аудандық теміржол ауруханасына ауыстырылды", – деп хабарлады Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Дәрігерлердің айтуынша, зардап шегушіге тиісті медициналық көмек көрсетілген.
“Бас сүйегінің рентгенографиясы, компьютерлік томография жасалды. Іштің, бүйректің ультрадыбыстық зерттеуі жүргізілді. Оқушыны невропатолог пен оптометр тексерді. Жалпы жағдайы тұрақты ауыр. Қажетті емдеу шаралары жалғасады", – делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Осы жағдайлардан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев шұғыл жиын өткізіп, аудан әкімі мен полицияның әрекетсіздігін сынға алды.
Мәселен, бұған дейін Қызылорда қаласындағы №217 мектеп оқушылары суық қару қолданған. Байқоңыр қаласындағы №275 мектепте де төбелес тіркелді. Жалағаш кентінде де екі мектеп оқушылары арасында жанжал шыққан.
Сонымен бірге, Нәлібаев жастарды әлеуметтендіру бағытындағы шаралардың жеткіліксіздігін, тәрбие жұмыстары тек есеп беру үшін өткізілетінін айтып, төбелестің шығу себебін анықтап, шұғыл шара қабылдауды тапсырды. Бұған қоса, өңір басшысы бұл жағдайда ата-аналардың өз жауапкершілігін сезінуі керектігін ескертті.
“Бәріміз де ата-анамыз. Әрбір ата-ана таңертең мектепке шығарып салған баласының үйге есен-сау оралатынына сенімді болуы керек. Ал полиция мен мектеп бұған қол жеткізе алмай отыр. Қызылорда қаласы мен Қазалы, Жалағаш ауданы бойынша полиция басқармаларының жауапкершілігі қаралсын. Сонымен қатар аталған мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары да осы жағдайға жол бергендері үшін тиісті жазаларын алсын, – деді облыс әкімі.