Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада түркі стиліндегі үлкен, көзтартарлық қала салу жоспарланған: Қаланың қазіргі кейпі қандай?

2015 жылы Қызылорда қаласында Сырдария өзенінің сол жақ жағалауына түркі стилінде үлкен, көз тартарлық жаңа қаланбақ болып, жоспары әзірленді. Бұл қаланың құрылысы 2025 жылда аяқталады деп күтілген, тіпті инвестициялық форумда отандық және шетелдік инвесторларға таныстырылған. Алайда арада 5 жыл өтіп жоба құрылысы бастапқыда ұсынылған эскиздерден алшақ боп шыққан. 2020 жылдың бүгінгі күнінде жоба не себепті жоспардағыдай орындалмағанын, жаңа қаланың бүгінгі кейпі қандай болып тұрғанын Stan.kz тілшісі білді.

Бұл жоба - "Сырдария өзенінің сол жақ жағалауын игеру" жоспары деп аталады. Жоба бойынша қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жүріп, бірқатар нысандар салынып үлгерген. Бірақ әу баста жоспарланған түркі, шығыс стилі бірде-біреуінен "мен мұндалап" көрінбейді.

Бастапқы эскиз мынадай болған

 

Жаңа қаланың зәулім ғимараттары Ташкент, Бейрут, Бұхара, Йемен қалаларындағы  түркі стилінің нақышында болады деп жоспарланып, оған 1532 гектар жер арнайы бөлінген.

Қала әкімдігі жыл сайын берілетін тұрғын үйдің көлемі төрт есе көбейгенін айтады. Облыс орталығының өзінде ғана соңғы 5 жылда 100-ге жуық көп пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, өз иелерін тауыпты.

Қызылорда қаласы әкімдігі осы нәтижелердің іске асырылуына "Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру" жоспары да өз септігін тигізгенін айтады.

 "Бүгінде ол сәтті жобаға айналды. Оның аумағында бой көтеріп жатқан ғимараттар халыққа қуаныш, сенім сыйлап, қалаға көрік қосты", - дейді Қызылорда қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ғабит Қожахметов.

"Жалпы, Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру мәселесі 2009 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 17 шілдедегі №1087 қаулысымен бекітілген (2019 жылы өзгерістер енгізілген) Қызылорда қаласының бас жоспарының негізінде қарастырылған", - дейді ол.

Айтуынша бас жоспарға сәйкес сол жағалаудағы алаң келесі есеппен алынды:

Біріншісі, ұлы өзеннің табиғи әсемдігі, тартымдылығы ескерілген.

"Екі жүз жылдық тарихы бар Қызылорда қаласы әуелден-ақ дарияның оң жағалауынан орын тепкен. Сондықтан, Сырдарияның әсемдігін, ірі су артериясының ­микроклиматын облыс орталығының сәулетін қалыптастыруға пайдаланылмаған. Мұның орайы оңынан келмеді. Бірақ енді сол жағалаудағы қаланың сәні – Сырдария өзені.

Екіншісі, бұл қаладағы әрбір ғимарат әлгінде айтқандай ұлттық құндылық, мәдениетімізді танытады. Облыс әкімі жаңа қала салу туралы бастама көтергенде осы мәселеге арнайы тоқталып, «шаһардың сәулеті Ұлы даладағы Мәңгілік елдің дәулеті мен дәстүрін «сөйлетуі» тиіс», – дейді әкімдікте.

Әу баста жоспарға сәйкес сол жағалаудағы қалада салынатын нысандардың сәулеттік келбетін қазіргі заманның талабына сай келетіндей, сондай-ақ шығыс элементтерімен қоса, қазақи ою-өрнектерді қосу арқылы қалыптастыру көзделген.

Ондағы мақсат - Сырдария өзенінің сол жағалауында халыққа ыңғайлы және қолайлы өмір сүру ортасы бар, сәулеті ерекшеленген жаңа замануи қала құрылыстық орталық құру болған.

"Әрине, жаңа қала салу оңай шаруа емес. Бұған сенімсіздікпен қарағандардың саны да көп болды. Жергілікті кәсіпкерлер мен құрылыс салушылар бұған күмәнмен қарады. Оған қоса игерілетін аумақтың да көлемі аз емес", - дейді Ғабит Қожахметов.

Мәліметтерге сәйкес, 2017 жылы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қаланың алғашқы құрылысының іргетасы қаланды. Алғашқы боп көп қабатты тұрғын үйлердің және 320 орындық балабақшаның кірпіші қаланды.

"Алғашқы жоспар сол жағалауда халыққа қол жетімді тұрғын үйлерді салу көзделді. Ондағы шаршы метрдің құны 120,0 мың теңгені құрады. Халыққа бағасы жағынан қымбат емес, алайда сапалы тұрғын үйлерді салу үшін қолданыстағы үлгілік жобалар қолданылды. Оның құрылысын жергілікті құрылыс салушылар өз қаражаты есебінен жүргізді. Бұл жаңа аймақта - жаңа қала салудың алғашқы қадамы болды", - дейді әкімдікте.

Қала әкімдігі сөзінше, шығыс үлгідегі тұрғын үйлерді салу жоспары да болды, олардың эскиздері әзірленген, тіпті бағасы да есептелініп қойған (нысанның бағасы 1,5-2 есеге өсті). Бірақ оның құнын қарапайым халықтың қалтасы көтермейтіндігі белгілі болған.

"Сонымен қатар, қала салу тек құрылыс нысандарын салумен шектелмейді, оған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жеткізу қажет. Бұл жұмыстар кезең-кезеңмен орындалуда.

Қазіргі уақытта, тұрғын үй құрылысы аумағына электр энергия, газ желісі, ауыз су, кәріз желісі тартылды. Бұның бәрі мемлекеттің бюджеттің есебінен жүргізілуде. Қазір әрбір тиын саналып, оның есебі берілуде.

Алайда, бұны бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасынан, сондай-ақ шығыс үлгіде қала салу бойынша қабылданған жоспардан толықтай ауытқу деп санауға болмайды", - дейді Ғабит Қожахметов.

Бүгінгі таңда, сол жағалауды игеру жұмыстарына жергілікті кәсіпкерлер сеніммен қарап, өз жобаларын қалалық әкімдікке ұсынуда, дейді ол.

 Сырдария өзенінің сол жағалауында жоба аясында салынған ғимараттар

Құрылыс нысандарының қазіргі заман талабына сәйкес келуі, сондай-ақ нысандарда шығыстық және ұлттық ою-өрнектері элементтерінің көптеп болуы  бастапқы талап болған.

"Қазіргі уақытта қаланың сол жағалауында шығыс және қазақи ою-өрнектері қарастырылған «Болашақ» университетінің ғимараты бой көтерді. Оның құрылысы толықтай жергілікті кәсіпкердің қаржысы есебінен жүргізілді. Бұдан басқа, Қазақ Орталық Атқарушы Комитетінің мұражайы ескі сызбамен салынып, Сыр елінде өткеніміз бен бүгініміз осылайша сабақтасты. Сол жағалауда бой көтерген жастар орталығының ғимараты да қазіргі заман талабына сәйкестендіріліп салынды", - деп толықтырды Ғабит Қожахметов.

Айтуынша, сол жағалаудағы алаңда салынуы жоспарланған кешенді құрылыстар қаланың тиімді инвестициялық климатын қалыптастыруға сеп болып отыр.

 "Тұрғын үй, әкімшілік-офистік, әлеуметтік, мәдени-ойын сауық, сауда-көрме, спорттық, коммуналдық және рекреациялық объектілердің құрылыстарын жүргізуге отандық және шетел инвестицияларын тартуға қолайлы алғы шарттарды белгілеуге мүмкіндік беруде", - дейді Ғабит Қожахметов.

Әкімдікте Қызылорда қаласы тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша Қарағанды, Шымкент сияқты аймақтармен теңескенін айтады.

Бүгінгі таңда Қызылорда қаласының сол жағалауында барлығы - 64 тұрғын үй, 3002 пәтер, 39 тұрғын үй 1836 пәтер пайдалануға берілді, 25 тұрғын үй 1166 пәтер жыл соңына дейін табысталады, дейді әкімдікте.

Талқылау