Қызылорда облысында "Охотзоопром" инспекторы браконьерлердің ізіне түсем деп мерт болды
«Охотзоопром» инспекторы Қызылорда облысы Жалағаш ауданы аумағында браконьерлерді қуып жету кезінде жазатайым оқиғадан қаза тапты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жол апаты 25 қазанға қараған түні болды.
«Біздің инспекторлар далада көлік келе жатқанын байқады. Бұл түн уақытында еді. Браконьерлерді қуып келе жатқанда біздің көлігіміз аударылып кетті. Нәтижесінде біздің инспекторлардың бірі жарақаттан көз жұмды», - деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Жануарлар әлемі және аңшылық шаруашылығы басқармасының басшысы Айтуар Туғанбеков.
Оның айтуынша, браконьерлер инспекторларға оқ атпаған, тек қашпақ болған.
«Оларды оқиға орнында ұстады. Бізде екі экипаж болды. Ұсталғандар жергілікті тұрғындар болып шықты. Олардан мылтық және заңсыз атылған жануарлар табылды», - деп қосты ол.
Туғанбеков министрлік атынан марқұмның отбасына көңіл айтты. Оның айтуынша, инспектордың отбасына 7,8 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілген. Сонымен қатар, тергеу аяқталғаннан кейін қайтыс болған адамның отбасы төрт миллион теңгеден астам сомада сақтандыру төлемдерін алады.
Айта кетейік, 23 шілдеде Ақмола облысында «Охотзоопром» инспекторы браконьерлердің шабуылынан кейін қайтыс болған еді. Қазақстанда броконьерлер мен инспекторлардың қақтығысы үшінші рет кісі өліміне әкеліп отыр.