"Аяғын күйдірген": Қызылорда облысында мүмкіндігі шектеулі баланы жасөспірімдер азаптады деп айыпталды
Фото: Видеодан скрин
Қызылорда облысында ерекше қажеттілігі бар балаға жасөспірімдер қатыгездік танытқан оқиға тергеліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеокадрлардан мүмкіндігі шектеулі баланың анасы жәбір көрсеткен жасөспірімге келіп, оны ұрсып жатқаны көрсетіледі. Кадрларда анасы дәкемен оралған баласының аяғын ашып көрсетеді. Онда баланың аяғы қатты күйгені байқалады. Алдын ала мәлімет бойынша бір топ жасөспірім балаға зорлық көрсетіп, оның аяқтарын отпен күйдірген.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Азаматтар кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп, ішкі істер министрлігінен қатаң шара қолдануды сұрап отыр. Қоғам белсенділері соңғы уақытта балалар арасындағы қатыгездік оқиғалары жиілеп кеткенін айтып, бұл мәселе ата-аналар мен ұстаздардың ерекше назарында болуы керек екенін ескертті.
Осы мәселеге қатысты Қызылорда облысы полиция департаментінің басшысы Серік Ергешов жауап берді.
"Бұзақылық дерегі бойынша полициямен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті кәмелетке толмаған ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істің тергелу барысы өзімнің ерекше бақылауымда", – деп пікір білдірді Серік Ергешов.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысының Шу ауданында футболдан кейінгі жанжал қайғылы оқиғаға ұласты. Көкқайнар ауылында 10 және 11-сынып оқушылары арасында шыққан төбелесте 10-сыныптың оқушысы қатарластарының соққысынан көз жұмғаны айтылады. Дәрігерлер келген сәтте жасөспірім алған жарақатынан қайтыс болған. Полиция 16 және 17 жастағы екі күдіктіні ұстады, қазір тергеу жүріп жатыр.

Данна Қарағұсова кім: Ол ғарышқа ұшу үшін қанша төлейді
