Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Төрт түлікті үйде отырып-ақ, сата береміз": Интернет келгелі бері Қызылорда облысындағы ауыл тұрғындарының өмірі қалай өзгерді

2020 жылдан бері елімізде «250+» бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында шалғайда жатқан ауылдар кең жолақты байланыс желісімен қамтамасыз етіліп, өркениет игілігін көруде. Сапалы интернетке қол жеткізгендердің қатарында Қызылорда облысындағы  Қосүйеңкі елді мекені де бар. Мұндағы халықпен Stan.kz тілшісі сұхбаттасып, ғаламтор қосылғалы тіршіліктерінің қаншалықты өзгергенін біліп қайтқан болатын.

Шиелі ауданына қарасты Қосүйеңкі ауылында 35 үй түтінін түтетіп отыр. 250-ден асар-аспас тұрғыны бар бұл өңірде де үкімет әзірлеген бағдарлама бойынша кең жолақты интернет 2021 жылдың наурыз айында қосылған. Соның арқасында бүгінде ауылдықтар атакәсіпті жандандырып, мал шаруашылығымен айналысады. 

“Өзім көп жылдан бері мал бағып, отбасымды асырап жүрген адаммын. Ауылымызға жылдамдығы жоғары байланыс келгелі бері кәсібім жандана түсті. Мысалы, бұрын мал сату үшін сонау аудан орталығына күндіз-түні қатынап жүретін едім. Оның өзінде базарда малды сата алсам – саттым, сатпасам, қайта көлікпен әкелетінмін. Енді міне, үйде отырып-ақ тапсырыс қабылдаймын, жарнама үшін де осы интернетті пайдаланып жүрміз. Төрт түлікті интернет арқылы сатамын, керек малымды да осыдан тауып, оңтайлы бағаға саудаласамын. Ал жаздыгүні қой-ешкілерімнің қай жақта жайылып жүргенін бақылап отырамын. Шаруалардың өмірі осылай жеңілдеді”, – деп ағынан жарылды ауыл тұрғыны Саттарбек Орынбай

Елді мекенде санаулы ғана әлеуметтік нысан бар көрінеді. Олардың негізгісі №84 орта мектеп дейді тұрғындар. Осыдан жеті жыл бұрын пайдалануға берілген білім ордасында оқушылар 9-сыныпқа дейін оқиды. Кейін кәсіптік бағытта білім алу үшін колледждерге түсіп немесе жоғары сынып бітіруге аудан орталығына бет алады. Ауылға кең жолақты интернеттің қосылғаны ең бірінші кезекте мектеп мұғалімдері мен оқушыларды қуантты. Педагогтер қағазбастылықтан біршама құтылып, электронды жүйеде жұмыс жасауға көшсе, оқушылар үшін ғаламтор сабақ бойынша тереңірек ізденіп оқуға жол ашқан. 

“Біздің негізгі міндетіміз – балалардың функционалдық білімін арттыру, сауатын ашу. Ол үшін оқыту заманауи стандарттарға сәйкес жұмыс жүргізілуі керек. Осы орайда білім мекемелеріне интернет ауадай қажет екенін айтпаса да түсінікті. Өткен жылдан бастап ұстаздарымыз “Күнделік KZ”, “Bilimland.kz” сынды платформаларды белсенді түрде қолданады. Бұл ата-аналар үшін де өте ыңғайлы, олар балаларының оқу үлгерімін осы ғаламтор арқылы көріп отырады. Бұған қоса “ZOOM” жүйесі де педагогтеріміздің  біліктілігін арттыруға септігін тигізуде. Өзге өңірлердегі әріптестерімізбен осы платформаның көмегімен тәжірибе алмасуға да жол ашылды”, – дейді мектеп директоры Батырхан Есенбеков.

Мектеп директоры Батырхан Есенбеков

Білім мекемесінің басшысы интернет қосылғалы мұғалімдер мен ата-аналардың байланысы да нығая түскенін тілге тиек етті. Үй тапсырмаларын ұстаздар  мессенджерлердегі чаттарға жіберіп, оның орындалуын қадағалайды. Оқушының бос уақытын тиімді пайдалануда да интернеттің көп көмегі тиюде. 

Мектептегі интернет жағдайын өз көзімізбен көру үшін біз “Информатика пәні” кабинетін аралап қайттық. Заманауи талаптарға сай жабдықталған кабинетте расымен де әр компьютерге интернет орнатылыпты. Ал пән мұғалімі Алмасбек Қалдыбеков қолда бар құралдарды тиімді пайдаланып, кабинетті “Smart-бөлмеге” айналдырған. Ұстаз өнертабысын бізге өзі таныстырды. 

Информатика пәні ұстазы Алмасбек Қалдыбеков

“Кабинеттегі компьютерлер мен электр жарығын арнайы қосымшаның көмегімен интернет арқылы басқаруға болады. Бұдан өзге сабақ өткенде де ғаламторды күнделікті пайдаланамыз. Жалпы ауылымызға интернет өткен жылдың қаңтар айында қосылды. Байланыстың машақатын әсіресе, пандемия басталып, онлайн оқуға көшкенде тарттық. Үйді-үйді аралап кеткен кездеріміз де болды. Ал желі орнатылғалы бері оқушылар алаңсыз білім алды. Қазір тіпті балалар информатика пәнін асыға күтеді. Оның себебі де түсінікті ғой: IT саласы қарыштап дамып жатқан кезде пәннің маңызы зор”, – дейді  тәжірибелі ұстаз.

Мұғалім информатика кабинетінде арнайы e-gov бұрышы қызмет көрсететінін де айтып қалды. Соның арқасында елді мекен тұрғындары бірқатар құжаттарын өз бетінше электронды түрде жасатады. Бұрын қарапайым анықтама алу үшін де аудан орталығына баруға мәжбүр болдық деген тұрғындар қазір интернеттің осындай игіліктеріне дән риза. 

Қосүйеңкі ауылының тұрғыны Балқия Бекжаппарова

“Біздің ауылымыз шалғайда орналасқандықтан аудан орталығына барып-келу біраз қиындықтар туғызады. Кейде өзімізді заман ағымынан қалып қойғандай сезінетінбіз. Әсіресе, анықтама алар кезде әбігерге түсетінбіз. Енді жұмыстарымызды интернет арқылы ауылда жүріп-ақ бітіріп аламыз. Ұялы байланыс келіп, көзіміз ашылғандай болды. Алыстағы туысқандарымызға хабарласып, күнделікті жағдай білісіп отырамыз. Видеобайланыспен емен-жарқын сөйлесеміз, ғаламтордың сапасы өте жақсы. Өзімнің төрт балам бар. Олар да оқуларына қажетті мәліметтерді интернеттен жүктеп алады. Әлеуметтік желілермен жұмыс жасауды да үйренді”, - дейді Қосүйеңкі ауылының тұрғыны Балқия Бекжаппарова.

Сонымен қатар ол интернеттің соңынан ауылдағы қоғамдық көлік мәселесі шешілсе екен деген ниеті бар екенін де жеткізді. 

Жылдамдығы жоғары желі жастарға ерекше қуаныш сыйлауда. Мәселен, тоғызыншы сыныпты биыл тәмамдаған Тоғжан Қалдарбекова армандаған саласы мен бұл мамандықты оқытатын ЖОО жайлы бар ақпаратты интернеттен тапқан. 

“Кейбір кезде аудан орталығындағы немесе қаладағы туыстарымызға барамыз. Онда менімен жасты жеткіншектер әлеуметтік желілерді пайдалануды жақсы біледі. Мен оларға қызығып-қызығып қайтатынмын. Тіпті жастар арасында танымал TikTok желісін де жетік түсіне бермейтінмін. Ал қазір өзім әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы атандым. Сондай-ақ қазіргі қоғамда жоғары сұранысқа ие кәсіп иелері туралы мағлұматтарды іздеп тауып, болашақ мамандығымды таңдау үстіндемін. Бұған қоса шетелдік білім платформалары арқылы түрлі курстардан өтіп, дүниетанымымды кеңейтіп жатырмын”, - дейді жеткіншек.

Тұрғындар ғаламтордың келуі ең бірінші кезекте билік пен қарапайым халықтың арасындағы байланысты түзегенін де жеткізді. Қазір ауылдың кез келген азаматы жергілікті шенеуніктерге қоятын сауалдарын тікелей жолдап, аз уақыт ішінде мардымды жауап алады. Сонымен қатар, жергілікті әкімдіктердің әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы аудан жаңалықтарын біліп, қажетті хабарламаларымен танысады.

“Қосүйеңкі кішкентай ғана ауыл екенін көрген шығарсыздар. Жергілікті халықтың ауызбіршілігі мол. Қауіпті індет өршіген тұста тұрғындар сабырлық танытып, қиындықты жеңе білді. Осы уақытқа дейін де мұндағы жұртшылық елді мекенге ұялы байланыс пен сапалы интернеттің қажет екендігін жиындарды айтып жүрді. Өзекті мәселені шешу үшін облыстық әкімдікке шығып, сұраным жасадық. Соның нәтижесінде «250+» бағдарламасы аясында жылдамдығы жоғары интернет қосылды. Қазір кез келген үйде ұялы телефон мен арнайы смарт-техникалар бар. Теледидарды да ғаламторға қосу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл үлкен жетістік деп ойлаймыз”, - деді Шиелі ауданы Еңбекші ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Тайыр Байдүсенов.

Еңбекші ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Тайыр Байдүсенов

Мобильді оператордың бағанасы ауылдағы мектеп жанында бой көтерген. Үлкен мұнара орнатылмастан бұрын, жергілікті атқамінерлер халық арасында радиофобия туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Көпшілікке аталмыш бағананың ешқандай зияны жоқ екендігі, адам денсаулығына кері әсер етпейтіндігі айтылған.

“Қазір радиофобия мәселесіне қатысты түрлі қауесет әңгімелер таралып жүр ғой. Сол себепті біз халық арасында түсінбеушіліктің болмауын алдын алуға тырыстық. Бүгінде елді мекен тұрғындарының басым көпшілігі әлеуметтік желілерге тіркелген, белсенділіктері жоғары. Билік пен халық арасында кері байланыс бар. Бұл «Естуші мемлекеттің» негізгі қағидасы екені белгілі”, - деп атап өтті бас маман.

Осы тұста Beeline Қазақстанның Қызылорда облысында байланыс сапасын арттыру мақсатында атқарып жатқан жұмыстарын атап өткен жөн. Мәселен, былтыр оператор өңірде 3G және 4G желілерін орнатып, тұрғындарды мобильді интернетпен қамтамасыз етті. Жаңа базалық станцияларын Қызылорда (Сол жағалау шағын ауданы) мен Байқоңыр (6 ықшамаудан) қалаларында, Арал ауданында (Сексеуіл ауылы), Сырдария ауданында («Қайырукелді» мұнай кен орнындағы «Kazpetrolgroup»ЖШС-ның жаңа вахталық қалашығы) іске қосқан. 

Сондай-ақ компания Арысқұм, Қызылқия және Нұралы сынды мұнай кен орындарында және Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы 37 ауылда қолданыстағы базалық станцияларды 4G стандартына дейін жаңартты. Ал екі елді мекенде — Арал қаласы мен Әйтеке би кентінде FWA (FixedWirelessAccess) технологиясы бойынша сымсыз интернетті іске қосты.

"FWA туралы айтатын болсақ, бұл жаңа технология  радиосигналдарды пайдалануға негізделген. Оның басты артықшылығы – интернеттің жылдамдығы. Арнайы бөлінген жиілік ресурсы мен арнаулы Wi-Fi-роутердің арқасында интернет жылдамдығы секундына орташа есеппен 30 мегабиттен 50 мегабитке дейін жетеді. Ал роутердің өзіне 16 құрылғыға дейін қосуға болады, бұл, әсіресе, көпбалалы отбасылар үшін тиімді», - дейді Beeline-ның Қызылордадағы техникалық бөлімінің басшысы Юрий Вакуленко.

Beeline ұсынған деректерге сүйенсек, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысында Beeline абоненттерінің 76%-ы мобильді интернетті пайдаланады. Ал орта есеппен алғанда Қызылорда қаласының тұрғыны айына 21 ГБ трафик жұмсайды екен (2022 жылғы ақпарат бойынша). Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 20%-ға көп.

Еске салсақ, Ranking.kz мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан мобильді интернеті арзан 10 елдің қатарына кіреді. Ал Vigo деректеріне сүйенсек, Beeline мобильді интернет сапасы жағынан Қазақстандағы №1 байланыс операторы болып танылды. Бүгінде оператор –Қазақстандағы 10 миллионға жуық абонентке қызмет көрсетуші және елдегі ең ірі 30 салық төлеушінің  қатарына кіретін ұйым.

Талқылау