Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылорда облысында белгісіз індеттен жылқылар қырылып жатыр

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында бірнеше ауылдың жылқылары қырылып жатыр. Екі айға жуық уақыттан бері жаппай тараған аурудың себебін де, емін де таба алмай отырмыз дейді мал иелері. Салдарынан ауырған жылқы малы бір аптадай азаптанып, қанша дәрі егіп, баптаса да өліп жатыр. Қайдан келгені белгісіз індеттен үйір-үйірімен жылқыларынан айырылып қалған қарапайым тұрғындар билік ең болмағанда шығындарын өтеп берсе екен дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Тұрғындардың айтуынша, індет тамыз айында басталған. Мал иелерінің сөзіне қарағанда, сол уақыттан бері бір ғана Байкенже ауылында ауырып өлген жылқылардың саны 200 бастан асыпты. 

"Ем-домның қазақшылығын да істеп жатырмыз, дәрігерлер де қолдан келгенін істеп жатыр. Бірақ мұндай жаппай қырылу бұрын болмаған еді", - деді шаруа қожалығының иесі Кәнетбек Кенбай.

Тұрғындар Байкенже ауылынан бөлек Сырдария өзенін жағалай жатқан Жаңақорған ауданындағы бірнеше ауылда да жылқылардың қырылып жатқанын айтты. 

Шамамен 2 ай жуық уақыт ішінде Жаңақорғанның жайылым жерлерінде өлекселер қаптай бастаған. Тұрғындардың айтуынша, ауырған мал бір апта бойы жем, шөп жемей, тіпті, су ішпей, үйірінен адасып, далада қаңғырып өледі екен. Ал қазір жаппай қырылып жатқан жылқылар аң-құстардың жемтігіне айналып жатыр.

Көпшілік бұл індетке қарсы мал дәіргерлері берген барлық дәрілерді беріп жатқанын айтады, бірақ олар да жануарларға ем болмай жатқан көрінеді. 

"Паста" деген шприц бар, дәу. Ересек жылқыларға тамағын ашып тұрып біреуін жібереміз, ал кішкене құлындарға екі бөліп жібереміз. Ешқандай әсер етіп жатқан жоқ. Бір апта, ары кетсе 7-8 күнде өліп жатыр бәрі", - деді тұрғын Ғалымжан Дайрабаев.

Ал ауданның бас ветеринары бұл жұқпалы ауру емес дейді. Айтуынша, паразиттік ауру жылқыларға бөгелек жәндік арқылы жұғады. Биыл жәндіктің көбеюіне ауа-райы қолайлы болғандықтан, "гастрофилез" деп аталатын ауру өршіп тұр екен.

"Жәндіктерді өлтіру керек, дезинфекция жасау керек. Міне, соның бәрін жасаса, мұндай жағдай болмайды. Малға жағдай жасамаған ғой", - деді Жаңақорған аудандық ветеринариялық станциясының директоры Марат Қазыбаев

Сонымен қатар, басшы жұқпалы ауру болмаса өтемақы төленбейтінін айтты. Ал қанша жылдан бері жылқы асырап отырған тұрғындар "жануарға жағдай жасамайды" деген мал дәрігерінің сөзімен келіспейді. Олар мамандар айтқан ем-домның барлығы да нәтижесіз екенін айтып шағымданды.

Жай күнде жүздеп жылқылары қырылып, шаш етектен шығынға батқан тұрғындар билік осы мәселеге назар аударса екен деп үміттенеді.

Талқылау