Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары үш ай ғана жұмыс істеп, қызметінен кетті

Қызылордада облыс активінің отырысында құзыреттілігін арттыру үшін оқуға түсіп, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметінен кеткен Балмейір Сансызбайұлымен жылы қоштасты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қызылордада үш айдан астам уақыт жұмыс істеген жас жігіт, осы жылдың төртінші сәуірінен бастап қызмет атқарған. Әкім орынбасары тұрғындардың есінде қалмағанымен, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев атқарған жұмыстары мен өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін Сансызбайұлына алғысын білдірді.

"Қысқа уақыт ішінде Балмейір Сансызбайұлы облыс әкімінің орынбасары ретінде өңірді дамыту мақсатында тынымсыз еңбек етті. Ол облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жақсартуға 36 миллиард теңге бөлуге ықпал етті, соның арқасында ұзындығы 570 шақырым болатын көшелер мен автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Демеушілер есебінен облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында орналасқан үш көпірді күрделі жөндеу, жалпы құны 300 миллион теңге болатын Қызылорда қаласындағы үш көше мен екі көпірді кеңейту жобалары іске асыруға үлесін қосты. Сондай-ақ ол сметалық құжаттаманы әзірлеуге қатысты", – деді әкім. 

Қызылорда облысы әкімінің жаңа орынбасары болып тәжірибелі басқарушы Мейрамбек Шермағанбет тағайындалды.

Мейрамбек Шермағанбет 1972 жылы дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін "Тарих", "Экономика", Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетін "Құқықтану" мамандықтары бойынша бітірген. Педагогика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1994 жылы Жаңақорған ауданындағы № 239 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1995-2004 жылдары мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы, аппарат басшысы лауазымдарында еңбек етті.

2004-2016 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, облыстық білім беру, тілдерді дамыту жөніндегі басқармаларының басшысы, Қызылорда облысы бойынша білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы жауапты қызметтерін абыроймен атқарған. 2016-2021 жылдары Ақтөбе облысы Қобда ауданының әкімі, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болған.

2022 жылдың шілде айынан осы кезге дейін Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

Талқылау