"1 миллиард теңге жұмсалған": Қызылорда халқы тұрғындардың игілігіне алынған экотаксилерді таппай әлек
Қызылордалықтар мемлекет бюджетіне 1 миллиард теңге бөлініп, алынған экотаксилерді таппай жүр. Жергілікті тұрғындар такси қызметін қолдануға арналған не арнайы қосымша, не диспетчерлік қызмет жоқ дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Шенеуніктер апта басында қызметі арзан әрі табиғатқа еш зияны жоқ көліктер қала ішінде жолаушы тасымалдауға дайын деп жарнама бергенімен, тұрғындар экотаксилерге мініп те көрмеген. Айта кетері, такси қызметіне арналған 100 электромобильді алуға бюджеттен 1 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген.
Жарнамада көліктерді танымал такси қосымшасы арқылы шақыруға болады деп көрсеткенімен, қосымшаның өзінде экотаксиге тапсырыс беруге арналған тетік жоқ болып шықты.
“Мен Яндексті қарадым таппадым, Indrive-ты қарадым таппадым. Қалай іздейді оны? Білмеймін”, “Баратын жеріме дейін шақырып көрсем бе деген ниеттемін. Бірақ сол қосымшасы бар ма? Оны қалай білуге болады?”, “Бір номерлер жүр ғой. Бірақ оған хабарлассаң ұрысып жатыр екен”, – дейді жергілікті тұрғындар.
Қызылордалықтар таппай жүрген электрмобильдердің көбі автобус паркінің тұрағында екен. Жауаптылар қалған көліктердің жолдан кездескен жолаушыларды тасымалдаумен айналысып жатқанын айтады. Ал әкімдік танымал қосымшаға экотакси шақыруға арналған арнайы қызметті қосу бойынша келісім жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
"Яндекс" мобильді қосымшасының құрылтайшыларымен келіссөз жүргізіп, жақын күндері электротакси бөлімін қостыруға қол жеткізді. Қосымшаның техникалық жабдықтаушылары жаңа бөлімді енгізу шараларын жүзеге асырып жатыр. Қазақстан бойынша "Яндекс" қосымшасына электротакси қызметі тек жалғыз Қызылорда қаласында ғана алғаш рет қосылғалы отыр”, – деп жазды Қызылорда қаласы әкімдігі.
Қазақстанға тапсырыс берген 100 электромобильдің әзірге 52-сі ғана жеткізілген. Әр көлікке мемлекет қазынасынан 11 миллион теңге жұмсалды. Жарнамасы жер жарған көліктердің қашаннан бастап жолаушылар тасымалдауға кірісетіні белгісіз.