"Әкімнің бізден несі артық?": Қызылорда облысында полицейлер облыс басшысын өткізу үшін жолды жауып тастаған
Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов өту үшін жолды жаптық деген екі полицей жазаға тартылды. Өңір басшысы Қазалы ауданына келе жатыр деп жолдағы көліктерді жүргізбей қойған құзырлы орган қызметкерлерінің әрекетіне ашуланған тұрғын оларды жазбаға түсіріп, желіге жүктеген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар басшысына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде таралған жазбада екі полицейдің көліктерді жаппай тоқтатуынан көшеде кептеліс басталғаны байқалады. Видеода сақшылар Қазалыға келген облыс әкімінің көлігін жылдам өткізіп жіберу үшін басқа автокөліктерге кедергі келтіргені айтылады.
Қазалыдағы полиция бөлімінің басшысы жазбадағы екі тәртіп сақшысына әкім үшін жолды жабыңдар деп ешкім бұйрық бермеді дейді. Бейнежазбадағы қызметкерлер кімнің тапсырмасымен жолды жапқаны белгісіз. Дегенмен облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың көлігін Қазалының көшелерінен тезірек өткізбекші болған полицейлерге қызметтік шара қолданылыпты. Бұл видео Youtube желісіне 9 қаңтар күні жүктелген. Қызылорда облысының әкімі дәл осы күні Қазалыға іссапармен барған көрінеді.
"Полицейлер нұсқаулық жөнінде дұрыс түсінбеген. Сол себепті осылай айтыпты. Мүмкін облыс әкімі келгендіктен солай жасау керек деп ойлаған болар. Бірақ оған қатысты көліктерді тоқтату бұйырылмаған. Тек жол-көлік оқиғасын алдын алу мақсатында қызметкерлер бөлінген. Өз қызметін дұрыс атқармаған полицейлерге тәртіптік шара қолданылды", - Қызылорда облысының Қазалы аудандық полиция бөлімінің басшысы Сәбит Арынов.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
