Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қызы емес, әйелі сияқты қараған”: Павлодар облысында өгей әкесі зорлаған 15 жастағы оқушының ісіне қатысты тың деректер айтылды

Бүгін Павлодарда өткен баспасөз мәслихатында балалар омбудсмені Майқайың ауылында өгей әкесі зорлаған 9-сынып оқушысының ісінің мән-жайын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Облыстық бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенева қызбен және оның отбасымен кездескенін айтты.

"Мен қызбен кездестім, анасымен және сынып жетекшісімен сөйлестім. Сынып жетекшісінен бұл қызға неге назар аудардыңыз? Ол басқалардан ерекшеленді ме? Оның мінез-құлқында өзгешелік болды ма? деп сұрадым. Сынып жетекшісі “Жоқ” деп жауап берді. Бұл оқу бөлімінің тапсырмасы болған. Әрбір мектепте арнайы бақылауға алынуы керек отбасылардың тізімі бар. Баланы өгей әкесі тәрбиелеп жатқандықтан, ерекше назарға алынған. Сыныпта ондай төрт оқушы болған. Сынып жетекшісі төртеуінің де отбасына барған. Тек осы оқушының отбасында өгей әкесінің мінез-құлқы ұнамаған. Сынып жетекшісі ер адамның балаға көзқарасын байқап қалған. “Бұл әкенің балаға деген көзқарасы емес, ер адамның әйеліне деген көзқарасы сияқты еді” дейді ол. Сондықтан сынып жетекшісі қызды назарға алған", – дейді Шәкенова. 


Павлодарда асырап алған қызын он жасынан бастап зорлаған орманшы өзін өзі атып өлтірді


Бұл жағдайға Павлодар облысы білім басқармасының басшысы Самал Айтқазина да түсініктеме берді.

"Өгей әкесінің кәмелетке толмаған 9-сынып оқушысына зорлық-зомбылық көрсету фактісін сынып жетекшісі анықтады. Сынып жетекшісі отбасыларға бірнеше рет барған. Оған қоса сынып жетекшісі мен оқушы бір көшеде тұрған. Мектептен бірге қайтқан.  Үйге қайтып бара жатқанда, мұғалім қыздың жағдайын, оның өмірінде қандай қиыншылықтар болып жатқанын біліп, сөйлескен. Бойжеткен бірнеше жыл бойы жалғасып келе жатқан оқиғаны сынып жетекшісіне айтуды жөн көрді. Осы факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, оның нәтижелері қосымша хабарланатын болады", - деді Самал Айтқазина.

Еске сала кетейік, өткен аптада Майқайың ауылында өгей әкесі 9-сыныпта оқитын қызды қорлағаны туралы ақпарат тараған болатын.

Ақпаратты павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. Зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Талқылау