Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жұмыстан шығарылғаны үшін кек алған": Руслан Берденовке шабуыл жасаған күдіктінің оқ атуына не себеп болғаны айтылды

Ернар Жиембай мен Руслан Берденов

Фото: Шымкент әкімдігі/Марғұлан Сейсембайдың Facebook-парақшасы

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасарына жасалған қастандыққа қатысты іс бойынша сот процесі басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тергеу нұсқасы бойынша, айыпталушы ретінде танылған Ернар Жиембай Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атқан. Оның бұл әрекетіне қызғаныш емес, кек себеп болған.

Күдікті Ернар Жиембай – әкімдікке қарасты “Тұрғын үй Шымкент” ЖШС-нің бұрынғы директоры, екі баланың әкесі. Айыптау актісіне сәйкес, сол күні ол әкім орынбасарының нұсқауымен қызметінен босатылған. Тергеу нұсқасы бойынша, дәл осы жағдай оны қылмыс жасауға итермелеген. 

“Жиембай қатты эмоциялық күйзеліс жағдайында спирттік ішімдік сатып алып, оны көлігінде отырып ішкен. Кейін үйіне барып, аңшылыққа арналған мылтығын алып, қалалық әкімдік ғимаратына қарай бет алған. Сол жерде көлігінде отырып әкім орынбасарын күткен. Берденовты көрген сәтте көліктен шығып, оған қарсы бет алып барып, бес рет оқ атқан”, – делінген айыптау актісінде.

Ол жерде жатқан Берденовке алтыншы рет оқ атқалы жатқанда, әкім орынбасарын қызметтік көліктің жүргізушісі құтқарып қалған. Ол күдіктіні қағып кеткен.

Жиембай оқиға орнында бірден ұсталды. Ал көп қан жоғалтқан шенеунікті аман алып қалу үшін дәрігерлер бес сағаттан астам уақыт операция жасап, өмірі үшін күресті.


Берденовке қастандық жасады деген күдіктінің әйелі оқиғаға қатысы барын жоққа шығарды


Руслан Берденовке жасалған қастандық: Шымкентте сот отырысы басталды


Ал бастапқыда қылмыстың басты себебі қызғаныш болған. Ақпарат кеңістігіне тарап кеткен мәліметте сәйкес, Жиембай Берденовке белден төмен оқ атып жатып: “Ол менің әйеліме тиісті” деп айқайлаған.

Кейін күдіктігің әйелі куәлік беріп, әкім орынбасары Руслан Берденовты мүлде танымайтынын және онымен ешқашан таныс болмағанын айтқан. Ал айыпталушының әкесі, бұрынғы прокурор Жиембай Пралиев қылмысқа келінін араластырмауды сұраған.

Алдағы уақытта сот жағдайды егжей-тегжейлі анықтайды. Ал жәбірленуші Руслан Берденов сотта ең бірінші болып куәлік береді. 

Бұған дейін судья Руслан Берденовті сотқа келуге міндеттеген еді. 

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 28 Шілде, 2025 15:53
Талқылау
`