"Қыздың сау-тамтығы қалмаған": Түркияда отандасымыз құздан құлап көз жұмды

Түркияда отандасымыз селфи жасаймын деп құздан құлап өлді.  31 жастағы Олеся Суспицина құрбысымен бірге саябаққа серуендеуге шыққан. Сонда сарқыраманың жанында тұрып селфи жасамақ болыпты. Алайда құздың ұшар басында қыздың аяғы тайып кеткен. Жерлесіміздің денесін жергілікті тәртіп сақшылары судан төрт сағат бойы іздеп әзер тапқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп хабарлайды. 

Құтқарушылар жерлесіміздің денесін теңізден зорға дегенде тауып, жағаға алып шыққан. Сарқыраманың екпіні қатты болғаны сонша, оны бірден табуға мүмкіндік бермепті. Десе де сүңгуірлер төрт сағат бойында тынбай іздеген.

Мәйітті қараған мамандар, құздан құлаған қыздың сау-тамтығы қалмағанын айтады. Қабырғасы мен аяқ-қолы түгел сынған. Ал марқұм – 31 жастағы Олеся Суспицина. Қостанай қаласының тумасы. Түркияда жергілікті туристік компаниялардың бірінде гид боп істеген. Сол күні ол әріптесі екеуі Анталиядағы танымал Лара саябағында серуендеп жүрген екен. Сондағы сарқыраманың жанында тұрып суретке түспек болғанда аяғы тайып кеткен.

"Не айтарымды білмеймін. Олеся екеуіміз 15 жасымыздан жұбымыз жазылмас жан құрбы едік. Күнде сөйлесіп, видеоқоңыраумен көрісіп жүрдік. Апалы-сіңілідей болып кетіп едік. Бұл жағдайға әлі сенбей тұрмын", - дейді марқұмның құрбысы Ольга Кравчук.

Құздың ұшар басына қыздың қалай шығып алғаны белгісіз. Себебі, биіктігі 45 метр тіп-тік жартастың жан-жағы қоршалған.  "Жақындауға болмайды" деген қатаң ескертпелер де тұр. Дегенмен қасындағы әріптесінің сөзіне сенсек, әдемі селфи үшін тыйым салынған қоршаудан қыздың өзі секіріп өтіпті.

Марқұмның таныстарын бұл жағдай таң қалдырмаған секілді. Себебі, айтуларынша, Олеся бұған дейін де дәл солай суреттерге түсіп жүрген.      

Таныстарының айтуынша, Олеся Суспицина жүрек жұтқан қыз болған. Түркияға гид болып кетпес бұрын Қостанайдағы полиция бөлімінде тергеуші боп қызмет атқарған. Одан бөлек, банк күзетінде де жұмыс істеген. Қазір отандасымыздың денесін елге жеткізу мәселесі шешіліп жатыр. Мәліметтерге қарағанда, марқұмның денесі осы жұма күні Ыстамбұлдан Алматыға жүк ұшағымен жеткізілуі тиіс.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр