"30 миллион теңге сұраған": Астана полициясы 18 жастағы аруды белгісіз жерге апарып, он алты күн бойы азаптады деп айыпталды
Италиядан келген этникалық қазақ әйелі Әсемгүл Қалелқызы қызы Әмина Астанада уақытша жүргенде адам ұрлау, аштық, қудалау, зорлауға оқталу, өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу және психикалық ауруға ұшырату сынды оқиғаларға тап болғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ulysmedia сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Ulysmedia
18 жастағы Әмина елордада есірткі тасымалдаушы жігітті кездестірген. Анасы Әсемгүлдің айтуынша, қыз оның есірткі тасымалдаушы екенін білмеген және 18 маусым, полиция жігітті ұстаған күні ол Әминамен бірге қыдырып жүрген. Сондықтан екеуі де ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген.
"Ол Италия азаматы болғандықтан, оған адвокат берілмеді және елшілікке хабарланбады. Олар маған хабарлаған да жоқ. Мен оны бір күннен аса іздедім", - деді Әсемгүл.
Айта кетейік, Әминаның денесінде есірткі болмаған. Оған қатысты құжат та болған. Тек "қорғауға құқығы бар куә" мәртебесі берілген. Ару орыс тілін тұрмыстық деңгейде ғана меңгергендіктен, бұл терминнің мағынасын толық түсінбей, құжатқа қол қояды. Осыдан кейін оны полиция "құпия пәтерге" апарған.
"Сол сәттен бастап полиция қызметкерлері оған психологиялық және физикалық қысым жасаған. Күш қолданып, қолдарын бұрап, тінтіген. Нашақор және есірткі "сатушы" айыптарына көндірмек болған. Алайда сараптама қанынан тіпті алкогольдің барын анықтаған жоқ", - деді анасы Әсемгүл.
Анасының айтуынша, куәгерлерді "қорғауға" арналған пәтер айғақтар алып, мәжбүрлі түрде мойындату үшін азаптау мен қорқытуға арналған пәтерге айналған. Әмина сонда 16 күн бойы отырған.
"Тергеуші түсіндірме алғаннан кейін оны босатып жіберген. Бірақ полиция бөлімшесінен шықпай тұрып, Әминаны азаматтық киімдегі офицерлердің бірі күштеп көлікке отырғызған. Іс материалдарында қыз 16 күн бойы іс-түссіз кеткен", - деді қыздың анасы.
Әсемгүл қызын "тұтқыннан" босату үшін барлық құзырлы органдарға жүгінгенін, құқық қорғау органдарына хабарласуға тырысқанын, бірақ мұның бәрі нәтижесіз болғанын айтты. Сондай-ақ анасының айтуынша, полицейлер қызды босатып, істі жабу үшін одан 30 миллион теңге талап еткен.
"Құпия пәтердің" атмосферасы өте ауыр еді. Барлық жерде кепкен қанның ізі. Есіктер сынған. Ол көптеген бейтаныс адамдармен, азаматтық киім киген полицейлермен 16 күн бойы жалғыз болды. Қызымды полиция бөлімшесінен ұрлап әкетті деп айта аламыз. Оған тамақ, керек нәрсенің бәрін алып кел деді. Мен сонда бардым, қызымды көрдім. Оның өңі өте нашар көрінді. Полиция бізге сөйлесуге 15 минут қана берді. Осы құпия пәтерде қызметкерлердің бірі қызымды зорламақ болған. Амина ас үйге жүгіріп барып, өзін қорғау үшін пышақ алған. Егер жақындаса, өзін өлтіретінін айтып, білектерін кесіп тастаған", - деді анасы.
Фото: Ulysmedia
Соңында бұл іске Италия елшілігі араласқаннан кейін ғана қыз босатылған. Әмина шыққан соң психиатрға қаралып, оған депрессия диагнозы қойылды. Анасы бұл оқиғадан кейін қыз әлі есін жимағанын айтады.
Әминаның мүддесін адвокат Әлібек Секеров қорғаған. Ол полицияның келесі заң бұзушылықтарға жол бергенін хабарлады:
1) Пәтерде ұстау
"Егер оған шынымен қауіп төніп тұрса, қауіпсіз үй пайдаланылады. Ол кезде қандай қауіп болды? Ол 18 маусым мен 4 шілде аралығында осы пәтерде болды".
2) Қылмыстық сот ісін жүргізу тіліне қатысты талаптарды бұзу.
Әмина Қазақстанда тек 2-сыныпты және қазақ тілінде оқыған. Ал іс өзі нашар сөйлейтін орыс тілінде жүргізіліп жатыр. Бұл Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 30-бабын бұзу. Сот ісін жүргізу тілін бұзу.