Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қыздың ішкі ағзалары алынған": Көкшетауда мәйіті табылған 13 жасар қызға қатысты ақпарат тарады

Көкшетауда мәйіті табылған 13 жасар қыз туралы әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарады. Ақпаратта жоғалып кеткен қыздың ішкі ағзалары алынғаны айтылады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, WhatsApp мессенджерінде тамыздың 21-де жоғалып, 28-күні Краснояр кентінен 5 шақырым жерден табылған жасөспірім қыздың ішкі ағзалары алынғандығы туралы аудиожазба тарағаны анықталған. Қазіргі таңда жалған ақпарат таратқандар ізделуде.  

"Аталмыш ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазіргі кезде полиция қызметкерлері жалған ақпараттың авторын және оны таратқан адамдарды анықтап жатыр. Ақмола облысының полициясы мен прокуратура қызметкерлері азаматтарға жалған ақпаратты таратқаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын ескертеді, сондай-ақ, шындыққа жанаспайтын ақпараттарды таратпауға және тек ресми мәліметтерге ғана сену керектігін айтады", - дейді ведомстводан.

Бүгінде адам өлтіру бабы бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

"Сонымен бірге, ҚР ҚК 99 бабы "адам өлтіру" бойынша тергеу жүргізілуде. Ал, Қылмыстык кодекстің 315 бабы "адам мәйiттің ағзалары мен тiндерiн заңсыз алу" бойынша қосымша эпизод жөнінде мәселе қарастырылған жоқ және қарастырылмайды да", - деп толықтырды ведомстводан.

Тергеу ісіне қатысты ақпараттар жарияланбайтыны белгілі болды. 

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Көкшетауда 13 жастағы қыздың жоғалып кеткені белгілі болған. Жасөспірімнің өлі денесі бір аптадан кейін табылды. 

Талқылау