Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қыздарға "қыз күйінде" қаншаға дейін жүруге болады, кесар тілігі арқылы босану қауіпсіз бе: Дәрігер жауап берді

Қазіргі кезде әр бесінші әйел кесар тілігі арқылы босанады. Бұған не себеп? Өмір сүру салты, экология ма, әлде заманауи медицина кесар тілігі арқылы босандыруды жөн көре ме? Кесар тілігі жоспарлы түрде жүзеге аса ма? Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігіне гинеколог-дәрігері кесар тілігінің әйел мен бала денсаулығына қаншалықты зиян екенін айтты. Сондай-ақ, қандай жағдайда әйелге кесар тілігі жасалатынын атап өтті.

«Әйел үшін тұрып босану ең дұрыс екенін әлем медицинасы да дәлелдеді»: Гинеколог кесар тілігінсіз босанудың жеңіл жолын айтты

-    Гүлмира ханым, қазір кесар тілігінің көбейіп кетуіне не себеп? Өмір салты, экология немесе медицинаның дамуы ма?
-    Біріншіден, кесір тілігінің белең алуына өмір салты себеп. Онымен қоса, дұрыс тамақтанбау, жеген тағамның құнарсыз болуы да әсер етеді. Тіпті кәдімгі суды дұрыс іше білу керек. Әр адамның өмір сүру салты оның әлеуметтік жағдайымен байланысты. Көптеген әйелдер денсаулықтарына немқұрайлы қарайды. Әр жеген тамағымызға мұқият болуымыз керек. Әсіресе газды сусындар ішпеген дұрыс. Кока-кола ағзаға өте зиян. Оның құрамында қант көп, қандағы инсулинді көбейтеді. Бірақ қазіргі кезде ата-ананың өзі коланы кішкентай баласына алып беріп жатады. Сондықтан ол газды сусынға тосқауыл қою керек деп ойлаймын. Өйткені біздің денсаулығымыз сонау бала кезден қалыптасады.

Екіншіден, стресс те кесар тілігіне алып келеді. Көп әйелдер стреске жиі түседі. Жалпы стресс - ол жасөспірім шақта мектеп кезінен басталады. Күнделікті сабақ әсер етуі мүмкін және бұл шақта қыздарда жыныс мүшелері жаңадан қалыптаса бастайды. Яғни, бұл да стреске түсіреді. Қыз балалардың ерте жаста жыныстық қатынасқа түсуі де әсер етеді.

Үшіншіден, көптеген әйелдердің денсаулық жағынан сауаттылығы төмен.  Сол себептен де дұрыс күтінбеуінің нәтижесінде кесар тілігімен босанады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да  әйелдердің кесар тілігіне түсуіне валеологиялық білімдерінің жетіспеушілігі себеп болып жататындығын айтуда. Әр қыз бала ана болуға алдын ала дайын болғаны жөн. Алайда көптеген әйелдер жүктілікке ешбір дайындықсыз келеді.

-    Дені сау әйел кесар тілігін жасата ала ма?
-    Қазіргі кезде медицина дамыған. Жүкті әйелдің денсаулығына қарап, акушер-дәрігер оның табиғи жолмен босана алмайтынын бірден айтуға тиіс. Мұны медициналық тілде абсолютті көрсеткіш деп айтамыз. Яғни, кесар тілігі арқылы босандыруға шешім қабылдайды. Осы салада жүргеніме қанша жыл болды, дені сау әйелдің еш ақаусыз кесар тілігін жасатқанын көрген емеспін. Ешкім бекерден-бекер пышақ астына түскісі келмейді. Сондай-ақ, дені сау адамға дәрігерлер де еш уақытта себепсізден кесар жасамайды. 

-    Құрсақты жарып алу әдісін орынсыз қолдану балаға да, анаға да зиян деп айтады. Жалпы кесар тілігінің әйел ағзасына кері әсерін туғызуы мүмкін бе?
-    Кесар тілігі анаға да, балаға да зиян. Жарық дүние есігін ашқалы жатқан сәби үшін ол  - стресс. Себебі, баланың денесі жамбасқа қарап жатады. Солай құрылған. Ал кесар тілігін жасағанда баланың жамбасқа қарап жатқан басын ішке қарай қайырып барып сыртқа шығарып алады. Осындайда көптеген балаларда неврологиялық, тіпті мойын аймағында патологиялық жарақаттар пайда болады. Сол себептен табиғи жолмен босанған дұрыс. Ол да балаға стресс болып табылғанымен, бірақ жоғарыда айтып өткенімдей денсаулығында ауыр белгілер болмайды. Кесар тілігі әйел үшін де оңай емес. Елестетіп көріңіз, қабат болып жатқан ішіңді тіліп, баланы алады. Дұрыс болмаса жатырдың кесілген тұсы жазылмай, спайкалар пайда болуы мүмкін. Әртүрлі қабыну процестер орын алып, жатырдың жиырылмай жататын кездері де кездеседі. Бір сөзбен айтқанда кесар тілігі әйелдің ағзасына үлкен ауыртпашылық алып келеді. Зат алмасу процестері бұзылады, анемия пайда болады. Ота жасар кезде салған наркоздың да өз әсері бар. Сол себептен кесар тілігінің организмге алып келер еш жақсылығы жоқ. 

-    Табиғи жолмен босанған , кесаревомен босанған әйелдер бала көтеру арасын қанша уақыт ұстануы тиіс?
-    Табиғи жолмен немесе кесар тілігі арқылы босанған әйелдер екі жылдан кейін ғана бала көтере алады. Бұл уақыт ішінде әйелдің организмі өз қалпына келіп үлгереді. Кесар тілігінен кейін тігістің орны бітелген соң ғана бала тууға рұқсат. Өйткені ертеңгі күні іш созылғанда кесілген жер жыртылып кетуі мүмкін. 

-    Кесарево операциясына өкімет жай босандыруға қарағанда көбірек ақша бөлетін көрінеді. Осы ақпарат қаншалықты шындыққа саяды?
-    Мен қарапайым дәрігермін, әкімшілік іс-қағаздар жұмысын атқарып көрген емеспін. Сол себептен бұл сұраққа қатысты ешнәрсе айта алмаймын. Әрине мемлекеттік медициналық мекемелерде кез келген отаның өз бағасы болады. Сегіз жыл емханада жұмыс істедім, екі жылдан бері жекеменшік медициналық орталықта қызмет етемін. Кесар тілігін жасағаны үшін дәрігерлерге қаржылай жағынан қандай да бір пайда бар екенінен бейхабармын. Бірақ кез келген ота мемлекет тұрғысынан қаржыланып отырады.

Айтар едім, ешқандай акушер-дәрігер әйелге кесар тілігін жасауға құлшынбайды. Дәрігерлер себепсіз кесар тілігін жасайды деген жаңсақ пікір бар. Негізінде әйелдің кесар тілігіне түсуі тікелей оның өз денсаулығына дұрыс назар аудармауынан болады. Кейде акушер-дәрігер диагностика жасауда асығыстық шешім қабылдап қояды. Бұл енді әр дәрігердің  кәсібилігіне байланысты. Дегенмен дәрігерлерді кінәлауға болмайды. Өйткені біздің ең басты міндетіміз ана мен баланың өмірін сақтап қалу. Сол себептен де көп жағдайда ота жасауға тура келіп жатады. 

-    Міндетті түрде кесарево жасалатын жағдайлар қандай?
-    Кесар тілігі әйел физикалық тұрғыда өз еркімен туа алмайтын жағдайда міндетті түрде жасалады. Әйелдің жамбас сүйегінің кіші (тар) болуы жүктілік пен босануда біраз қиындықтар тудырады. Баланың басы жамбас сүйекке сыймай қалуы мүмкін. Осы жағдайда кесар тілігін жасайды. Сонымен қатар, егер әйелде жатыр миомасы, аналық бездерінде ісік және тағы басқа көрсеткіштер болса, онда табиғи жолмен туа алмайды. Бұл жүктілік кезінде УЗИ-де белгілі болады. Кесар тілігі жатырда жыртылу қаупі бар жағдайда жасалады. Яғни, мұның алдында кесар тілігі және басқа да ота жасалған болса, босану кезінде тыртық жыртылып кетуі мүмкін. Бұдан басқа іштегі нәрестенің көлденең немесе қисық жатуы, бала жолдасының жатыр тыртығы аумағында орналасуы, баланың жамбаспен келуі кесар тілігіне алып келеді. Әйелдің денсаулығында кінәрат болған жағдайда: мәселен, жүрек-қан тамырлары патологиясы, бүйрек ауруы, жоғары дәрежедегі миопия (алыстан көре алмаушылық), жүйке жүйесінің аурулары, қант диабеті, қатерлі ісік ауруы және басқа да тағы ауруларда кесар тілігі арқылы босануға тура келеді. 

-    Баяғыда қазақтар арқан керіп, әйелдер тұрып босанған деседі. Физиканың тартылыс күшіне сайкес босану процесі жеңілдейді екен. Қазіргі кезде де осылай босану мүмкін бе? 
-    Иә, баяғыда ата-бабамыз әйелді арқан керіп босандырған. Бұл физикалық тұрғыда өте қолайлы. Тіпті әлем медицинасы да тұрып босану әйел үшін ең дұрыс екенін дәлелдеді. Себебі, бала қозғалып туылады. Жердің магнит күші толғақты қарқынды етеді. Әйелдің төсекте жатып толғатқанынан гөрі, түрегеп босанғаны әлдейқайда жеңіл болады. Бірақ әйел тұрып туғанда бала жерге түсіп кетпеуі керек. Сондықтан тәжірибелі акушер дәрігері болғаны дұрыс, баланың басы көрініп шығып келе жатқанда бірден ұстап үлгеруі керек. Босанудың бұл түрін қазіргі кезде де қолдануға болады. Тек акушер дәрігеріңіз және жақын адамыңыз (партнер) қасыңызда бұл процеске дайын болсын.

-    Соңғы сұрақ: ол қыз балаларға қатысты. Қазіргі уақытта қыздар карьера, оқу қуып, тұрмысқа шығуды көп ойламайды. 30-35 жасқа дейін өз пәктіктерін сақтап жүре береді. Жалпы қыздар қанша жасқа дейін қыз күйінде жүргені дұрыс?
-    Қыз баланың 21-22 жасқа дейін ғана «қыздық пердені» сақтағаны дұрыс дер едім. Ал 21-25 жасында ана атануға дайын болуы керек. Ең қолайлы кезең осы жас аралығы. Ал 30-35-ке дейін жүріп жыныстық қатынасқа түспеу қыздың организміне зиян. 

- Сұхбатыңызға үлкен рахмет! 


Сұхбаттасқан Анар ДӘУКЕН

Талқылау