Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қыздарды арбау" туралы шеберлік сағат өткізетін атышулы ресейлік блогер Қазақстанға қайта келмек

Алекс Лесли деген лақап атпен танымал ресейлік блогер Александр Кириллов Қазақстанға қайта келмек. Ол елге кіруге салынған тыйымның аяқталғанын айтып, өзінің Instagram парақшасында “сүйіншіледі”. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Блогер Алматыға іссапарын 1-3 желтоқсан күндеріне жоспарлап отырғанын жазды. 

“Бір жыл бұрын қазақстандықтар маған шабуыл жасаған болатын. Жергілікті блогерлер мен танымал тұлғалары менің фотомды өртеп, наразылық акциясын ұйымдастырды. Тіпті телеарналардан реалити-шоу да көрсетті. Сапарыма қарсылықтарын әуежайда бастады. Бүкіл жоспарымның күл-талқанын шығарған болатын”, – деп өткен оқиғаны еске алды. 

Айтуынша, еліміздегі шекара қызметі мен сыртқы істер министрлігі бір жыл бойы Қазақстанға кіруіне тыйым салған. Сөзіне сенсек, жаза мерзімі аяқталған көрінеді. 

“Бір жыл өтті. Жұмыс сапарымен Қазақстанға келе жатырмын. “Әр қазақ әйеліне бір бала” жобасын жүзеге асырмақпын. Қазақ қыздарына еркекті қалай баурау керектігін үйретемін. Өйткені маған енді тосқауыл жоқ. Елдеріңде емін-еркін жүре аламын”, – деп үндеу тастады. 

Естеріңізде болса, Алматы полиция департаменті ресейлік блогер-тренер Александр Кирилловқа Қазақстанға бір жылға кіруге тыйым салынғанын хабарлаған болатын. 

Ресейде мобилизация жарияланған уақытта ол “қазақстандық қыздарды аулауға шықтық” деген сөзі үшін сынның астында қалған еді. Бұл сөзі қазақтардың намысына тиіп, елден кетуі талап етілді. 

Александр Куриллов (Алекс Лесли) – қыздарды арбау, “сындыру” техникасын үйрететін бірнеше кітаптың авторы. 2018 жылы “тренер-жазушы” Таиландта заңсыз тренинг ұйымдастыру және еңбек заңнамасын бұзу күдігімен қамауға алынған. Кейін бұл айыптар алынып тасталып, құпия қылмыстық топ құру және сексуалды сипаттағы қызмет ұсыну баптарымен күдікті деп танылған. Көп ұзамай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, Ресейге депортацияланды. 

ВВС мәліметінше, Ресейге келген соң Алекс Леслидің үстінен “жезөкшелікпен шұғылдануға еліктіру” бабымен іс қозғалған. Ал қол астындағылар желідегі парақшасына атқарылған жұмыстың “есебін жүктеп отырған”.

 

Талқылау