Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытай билігінің құжаттары ішінде қазақстандықтардың жеке ақпараттары бар: Цифрлық даму министрлігі тексеріс басталғанын мәлімдеді

Әлеуметтік желіде тарап кеткен Қытай билігінің құжаттары қатарында қазақстандықтардың жеке деректері бар екені анықталды. Жеке мәліметтердің тарап кеткені жайлы шетелдік БАҚ жарыса жазған. Олардың қатарында Cyber News басылымы бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желіде тараған ақпаратта қытайлық I-Soon компаниясы дайындаған тыңшылық бағдарлама туралы айтылады. Бағдарлама әлеуметтік желі платформаларына, телекоммуникациялық компаниялар мен өзге де ұйымдарға бағытталған. Зерттеушілердің сөзінше, бағдарламаны Қытай билігінің тапсырмасы бойынша әзірлеуі мүмкін. 

Белгісіз біреулер GitHub платформасында Қытай билігінің құжаттарын жариялап жіберген. Құжаттарда Қытай үкіметінің тыңшылық бағдарламаны қолдана отырып кибероперацияларды қалай жүзеге асыратыны егжей-тегжейлі жазылған. 

Тайваньдық зерттеуші Азака Секайдың сөзінше, тыңшылық бағдарлама Х әлеуметтік желісін қолданатын адамдардың электронды поштасы мен телефон нөмірін анықтауға, жеке хатты оқуға, кез келген адамның атынан хат жазуға мүмкіндік береді. 

слив

Зерттеуші келтірген деректерге сүйенсек, Қытай билігінің құжаттары ішінде Қазақстандағы бірнеше байланыс операторының жеке мәліметтері бар. Олардың қатарында Beeline Қазақстан, Altel және Қазақтелеком абоненттерінің деректері мысал ретінде көрсетілгенін аңғаруға болады. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі Stan.kz тілшісінің сауалына жауап беріп, жағдайға қатысты пікір білдірді. Ведомство ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп материалдарды тексеріп жатқанын хабарлады.

"Талдау нәтижелері бойынша Қазақстанның дербес деректер және оларды қорғау, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік туралы заңнамасының талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында тиісті ұйымдарда жоспардан тыс тексерулер жүргізілетін болады", - делінген хабарламада. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі азаматтарға шет елдердің онлайн платформалары мен интернет ресурстарын пайдаланған кезде киберқауіпсіздік бойынша келесі талаптарды орындауды ұсынады:

  • Күрделі құпия сөздерді пайдаланыңыз және әртүрлі тіркелгілер үшін бірдей құпия сөзді пайдаланбаңыз. Бұл сіздің жеке ақпаратыңызға рұқсатсыз кіруді болдырмауға көмектеседі;
  • Құрылғыларыңыздағы бағдарламалық құралды жаңартып отырыңыз. Өйткені жаңа нұсқаларда қауіпсіздік түзетулері жиі болады. Бұл сізді ықтимал хакерлік шабуылдардан қорғайды;
  • Күдікті хабарларға жауап бермеңіз немесе белгісіз жіберушілердің сілтемелерін ашпаңыз. Бұл сіздің құрылғыңызға зиянды бағдарламаның орнатылуына әкелуі мүмкін;
  • Вирустардан және басқа қауіптерден қорғау үшін антивирустық бағдарламалық құралды пайдаланыңыз. Бұл құрылғыңызды зиянды бағдарламалардан қорғауға көмектеседі;
  • Жеке ақпаратқа, бейтаныс сайттар мен қолданбаларға сенбеңіз. Жеке ақпаратты бермес бұрын сайттар мен қолданбалардың беделін тексеріңіз;
  • Тіркелгілеріңізді қорғау үшін екі факторлы аутентификацияны пайдаланыңыз. Бұл сіздің тіркелгілеріңізге рұқсатсыз кіруді болдырмауға көмектеседі;
  • Әлеуметтік желілердегі және басқа онлайн қызметтердегі құпиялылық параметрлерін тексеріңіз. Бұл сіздің жеке ақпаратыңыз оны берген адамдар үшін ғана қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.

Айта кетейік, бұған дейін Абай облысында алаяқтық жасаған жалған полицейлердің ұсталғаны туралы жазған едік. 

Талқылау