Қытайлық қыз-келіншектер жігіт орнына бейне-ойын кейіпкерлерімен кездесуді әдетке айналдыруда
Қытайлық қыз-келіншектер бейне-ойын кейіпкерлерімен романтикалық кездесулерге баруды әдетке айналдыруда. Осылайша шынайы өмірдегі қарым-қатынас, жақындық пен махаббат ұмытылып барады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Фото: sixthtone.com
Қытайда қыз-келіншектердің шынайы өмірден алыстап бара жатқаны байқалуда. Әйелдер қарапайым ер азаматтарды ұмытып, оның орнына бейнеойын кейіпкерлерімен романтикалық кештерге баруды әдетке айналдырған. Тіпті бұл үшін арнайы тәжірибелі косплейерлерді жалдап жүр.
Қыз-келіншектер өздеріне ұнайтын ойын кейіпкері кейпінде киінген адамды жалдап мейрамханаға, дүкенге не саябаққа қыдыруды елдегі жаппай карантин кезеңінде бастады. Кейін бұл үрдіс кеңінен таралып кеткен. Ойын кейіпкерлерімен кездесуді құптайтын аруларды мемлекетте армандаушылар деп атайды.
Жалпы Қытайда мұндай қызмет көрсететін жігіттердің құны сағатына 100-200 юань. Бұл шамамен 6 000-14 000 теңге аралығында. Қыздар алдымен Xianyu сайты арқылы өздеріне ұнайтын кейіпкерге тапсырыс береді. Әрі сол жерде нақты талаптарын көрсетеді. Яғни, тек қыдыру немесе махаббат ойынын ойнау дегендей. Сонымен қатар әйелдер ойын кейіпкерлеріне тек қызметі үшін ғана ақша төлемейді, тамақтануға барып жатса, оның да жеген асын жабады.
Бүгінде Қытайда дәл осындай үрдіс қатты белең алып барады. Тіпті қиялға ерік берген қыз-келіншектердің арманын орындау үшін жігіттер тегін қызмет көрсетуді де әдетке айналдырған.