Қытайда жұмыссыз жастар жұмыс істеп жүргендей көріну үшін жалған кеңселерге ақша төлеп баруды әдетке айналдырған
Фото: bbc.com
Қытайда жалған жұмыс бизнесі белең ала бастаған. Жұмыссыз жастар сондай компанияларға жүгініп, ай сайын жұмыс істеп жүргендей болып көрінгені үшін өз қалтасынан ақша төлеп, жалған "кеңсеге" барып жүреді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге ссілтеме жасап хабарлайды.
Ешкім тегін жұмыс істегісі келмейді, одан да жаманы – кеңседе жай ғана отыру үшін ақша төлегісі келмейді. Алайда Қытайда осындай сұранысқа ие жаңа бизнес түрі дамып келеді: жұмыссыз жастар арнайы құрылған компанияларға солардың қызметкері болып көріну үшін ақша төлейді.
Уақыт өткізудің мұндай түрі осындай қызметтер ұсынатын компанияларды арттырған. Бұл үрдіс ел экономикасының өсу қарқыны баяулап тұрған тұста дамып келеді. Қытай жастары арасындағы жұмыссыздық тұрақты жоғары – 14%-дан асады. Жұмыс табу барған сайын қиындап бара жатқандықтан, кейбір жастар үйде бос отырғанша, ақша төлеп, кеңсеге баруды жөн көреді.
30 жастағы Шуй Чжоудың қоғамдық тамақтану саласында бизнесі болған, бірақ 2024 жылы ол бизнесі жабылып қалған. Осы жылдың сәуірінен бастап ол күніне 30 юань (шамамен 4,2 доллар) төлеп, Гонконгтан солтүстікке қарай шамамен 100 шақырым жердегі Дунгуань қаласында орналасқан Pretend To Work ("Жұмыс істегендей көрін") компаниясының жалған "кеңсесіне" бара бастаған.
"Кеңседе" ол жұмыс істеп жүргендей көрінетін бес "әріптесімен" уақыт өткізеді.
"Өзімді өте бақытты сезінемін. Біз бір команда секілді бірге жұмыс істеп отырғандаймыз", – дейді Чжоу.
Pretend To Work сияқты компаниялар қазір Қытайдың Шэньчжэнь, Шанхай, Нанкин, Ухань, Чэнду және Куньмин секілді ірі қалаларында пайда болып жатыр. Әдетте олар интернетке қосылған компьютерлері, мәжіліс залдары және шай ішетін бөлмелері бар толыққанды кеңсе ретінде жасақталған. Ондай компаниялардың "қызметкерлер" "жұмыс орнында" ештеңе істемей отыруы да мүмкін немесе компьютерді жұмыс іздеуге не стартап бастауға қолдана алады. Кейде "жұмыс күні" құнына түскі ас, жеңіл тағамдар мен сусындар да кіреді.
Қытай экономикасы бойынша маман, Жаңа Зеландиядағы Виктория университетінің менеджмент мектебінің аға оқытушысы Кристиан Яо "жұмыс имитациясы сияқты құбылыс кең таралғанын" айтады.
"Экономикалық өзгерістер мен алған білім мен еңбек нарығы қажеттіліктері арасындағы алшақтыққа байланысты жастарға осындай имитациялық "кеңселер" керек. Бұл жерде олар тұрақты жұмыс іздеу немесе уақытша табыс табу жолдарын ойластырады. Жалған "жұмыс" – бұл өтпелі шешімдердің бірі", – дейді ол.
Чжоу Сяохуншу әлеуметтік желісін қарап отырып Pretend To Work компаниясына кезіккен. Оның ойынша, кеңседегі орта өзін-өзі тәртіпке келтіруге көмектеседі. Жаңа "кеңседе" ол төрт айдан бері жұмыс істеп жүр. Чжоу ата-анасына "кеңсесінің" суретін жіберген, содан кейін олар ұылының жұмыссыз екеніне сабырлы қарай бастаған.
"Қызметкерлер" "жұмысқа" қалаған уақытында келіп, қалаған уақытында кете алса да, Чжоу әдетте таңғы 8–9 аралығында келеді. Кейде ол түнгі 11-ге дейін үйіне қайтпай, Pretend To Work компаниясының менеджері кеткеннен кейін ғана үйіне қайтады.
Чжоу "әріптестері" достарына айналып кеткенін айтады. Біреу, мысалы, жұмыс іздеумен айналысып жатса, барлығы шын жұмыс істеп отырғандай болады. Ал бос уақыттарында олар әңгімелесіп, қалжыңдап, түрлі ойындар ойнап, кешкісін жиі бірге тамақтанады екен. Чжоудың айтуынша, оған мұндай командалық жұмыс ұнайды екен, ол өзін бұрынғыдан әлдеқайда бақытты сезінетінін жеткізді. Биыл жыл басында шанхайлық 23 жастағы Сяовэнь Тан жалған кеңседен бір айға орын жалдаған. Өткен жылы университетті бітірген ол әзірге тұрақты жұмыс таппаған.
Оның университетінде студенттер оқу бітіргеннен кейін бір жыл ішінде еңбек шартына қол қоюы немесе тағылымдамадан өткенін растауы керек деген жазылмаған ереже бар, әйтпесе диплом берілмейді.
Ол университетке тағылымдамадан өтіп жүргенін көрсету үшін жалған "кеңсенің" суреттерін жіберген. Ал өзі сол кеңседе отыру үшін ақша төлеп, сол жерде онлайн-романдар жазып, аздаған табыс тапқан.
Германиядағы Макс Планк атындағы әлеуметтік антропология институтының директоры Бяо Сянның айтуынша, Қытайдағы "жұмыс істеп жүргендей көріну" тәжірибесі – жастардың жұмыс табу мүмкіндігінің жоқтығынан туындайтын үмітсіздік пен дәрменсіздік сезіміне құрылған.
"Жұмыс істеп жүргендей болып көріну – жастардың қоғамнан сәл алшақтап, өзіне аздаған кеңістік беру үшін қолданатын қорғаны", – дейді Бяо.
Дунгуаньдағы Pretend To Work компаниясының иесі – 30 жастағы Фэй Ю (бұл лақап аты).
"Мен жұмыс орнын емес, өзін пайдасыз сезінгісі келмейтіндерге өз қадірін сезіну мүмкіндігін сатамын", – дейді ол.
Оның өзі де бір кездері жұмыссыз қалған: бұрынғы бөлшек сауда бизнесі Covid пандемиясы кезінде жабылып қалған.
"Қатты күйзелдім, өзімді құрдымға кетіретін әрекеттер жасадым. Бұл жағдайды өзгерткім келді, бірақ қолымнан келмеді", – дейді компания иесі.
Сәуір айында Фэй Ю Pretend To Work-ті жарнамалай бастаған, бір ай ішінде барлық "жұмыс орындары" толып кеткен. Енді жаңа "қызметкерлер" күту тізіміне жазылуы керек.
Фэй Ю-дің айтуынша, оның клиенттерінің 40%-ы – университетті жаңа бітіргендер, олар міндетті тағылымдамадан өткенін растау үшін суретке түседі. Кейбіреулері ата-анасының қысымынан құтылу үшін "жұмыс істеуге" келеді.
Қалған 60%-ы – фрилансерлер, олардың ішінде ірі электронды коммерция саласында жұмыс істейтін "цифрлы көшпенділер" мен киберәдебиет авторлары бар. "Қызметкерлердің" орташа жасы шамамен 30 жас болса, ең жасы – 25-те.
Ресми түрде мұндай жұмыс түрі икемді жұмыс деп аталады. Икемді жұмыскерлер қатарына такси жүргізушілерін, жүк көлігінің жүргізушілерін және т.б. жатқызады.
Фэй Ю бұл бизнесінің ұзақ мерзімді табысты боларына күмәнмен қарайды, сондықтан оны әлеуметтік сынақ ретінде қабылдайды.
"Менің бизнесім адамдарға абыройын сақтауға мүмкіндік беру үшін жалғандыққа негізделген, бірақ ол кейбіріне бұл шынайы түрде орнықтылықты табуға көмектеседі, – дейді ол. – Егер біз "қызметкерлерге" тек актерлік шеберлігін жетілдіруге көмектесетін болсақ, біз де оның қатысушысы атанамыз. Егер жалған жұмыс орындарын пайдалану шынайы жұмыс табудың бастапқы нүктесіне айналса, бұл әлеуметтік сынақ сәтті жүрді деп санауға болады".
Қазір Чжоу өзінің "жұмыс уақытын" жасанды интеллект саласындағы дағдыларын дамытуға арнап жүр. Ол кейбір компаниялар жұмысқа қабылдағанда үміткерден жасанды интеллект құралдарын меңгеруді талап ететінін байқаған, сондықтан бұл дағдыларды меңгеру оған тұрақты әрі шынайы жұмыс табуға көмектеседі деп үміттенеді.

"Пәтер алуға ақша жинап жүрген, бірақ үлгермеді": Үстіне ағаш құлап мерт болған әйел жайлы әріптестері естеліктерін бөлісті
