Қытайдан тауар тиеп әкелмек болған Қазақстан азаматы жоғалып кетті: Туыстары оны полиция қамап қойды деп күдіктенеді
Фото: отбасы архивінен
Алматы облысы Ұзынағаш ауылының тұрғыны Әлімнұр Тұрғамбай 23 шілде күні жұмыс бабымен Қытай шекарасынан өтіп, сол күйі оралмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі "Азаттық радиосына" сілтеме жасап хабарлайды.
Ол Қытайға жүк көлігін айдап барып, тауар тиеп қайтпақ болған.
"Қазақстанның шекарасынан өтіп болдық деген. Жолдасым хабарласты: "Көлікті өткізіп қойдық, енді Қытай шекарасынан өзім өтемін" деді. Сағат бестер шамасында екен. Сол сәттен бастап хабар ала алмадық, әлі күнге дейін хабарсызбыз, – дейді Әлімнұр Тұрғанбайдың әйелі Гүлдария Шеризатқызы.
Оның айтуынша, ертеңінде таңғы 7-де бір жігіт хабарласып, Әлімнұр Тұрғандай Қытай шекарасына барғанда, олармен бірге шықпай қалғанын, сол күйі жоғалып кеткенін айтқан.
48 жастағы Әлімнұр Тұрғамбай Қазақстанға 2016 жылы Шыңжаң өлкесінен көшіп келіп, бір жылдан соң азаматтық алған.
"Әкемнің намаз оқыған достарының бәрі сотталды. Бәрі 15 жылға сотталды. Қазір менің күмәнім – "оған мұсылман, намаз оқыды, Қытайға қандай да бір зияны тиді" деген сияқты мәселелермен жала жауып отыр", – дейді Риза Әлімнұрқызы.
"Олар титтәй нәрседен кір таба салады, өтіріктен бірдеңені шығара салады. Мені де "Сен алты ай өтпепсің, алты ай Қазақстанда жүріпсің" деп ұстай салған. Кейін мені Қазақстанға шығарар кезде "Сен біз жақты айтпайсың, айтсаң, сені қайта әкелеміз, қамаймыз" деді", – дейді Әлімнұр Тұрғамбайдың қарындасы Сағи Тұрғамбай.
Әлімнұрдың туыстары Алматыдағы Қытай консулдығына, сыртқы істер министрлігіне жүгінгенімен, әзірге нақты хабар ала алмаған.
"Тез арада келіп қалатын шығар, өйткені ол – Қазақстан азаматы" деді. Ал Қазақстан азаматы бола тұра 8 күннен бері неге қанағаттанарлық бір ауыз жауап ала алмай отырмыз? Мал жоғалып кетсе де іздейді ғой. Осы мемлекеттің азаматы бола тұра неге іздеу-сұрау салмайды?", –дейді әйелі Гүлдария Шеризатқызы.
Сыртқы істер министрлігі өкілдері мәселе бақылауда екенін, ресми жауап болғанда хабар беретінін айтқан. Ал Әлімнұрдың туыстары "оның өлі-тірісін білмей консулдыққа баруды тоқтатпаймыз" деп отыр.

"Мықты еркек қана көп әйел ала алады": Тоқал болуға келіскен қазақстандық өмірінен сыр шертті
