"Қой мен сиыр соңында жүрміз": Қытайдан келген қазақ елге оралған соң қалай өмір сүріп жүргенін айтты
Киелі Маңғыстау өңіріне Өзбекстан мен Түрікменстаннан бөлек, Қытайдан да қандастар келіп қоныстанған. Қытайдан оралған этникалық қазақтар мал өсіруге қолайлы жерлерді көп таңдайды. Солардың бірі Жеңісбек Қажыкейұлы өз күшімен тарихи отанына оралған қандастардың бірі. Бүгінде Жаңаөзен қаласында тұратын қандасымыз, Stan.kz тілшісіне он жылдан астам азаматтық ала алмай жүргенін айтып, Қазақстанға көшкен соң өмірі қалай өзгергенін баяндады.
Жеңісбек Қажыкейұлы отбасымен
54 жастағы Жеңісбек Қажыкейұлы Қытай халық республикасы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының тумасы. Ол Іле Қазақ автономиялық облысына қарасты Алтай аймағындағы Шеміршек ауылында дүниеге келген. Тарихи отанына алғаш рет 2012 жылы келіп, бір байға жалшы болған. Одан кейін қайтадан Қытайға кетіп, артынша пандемия басталып кеткен. 2022 жылы ол отбасымен Қазақстанға көшкен. Қазіргі кезде Жаңаөзен қаласында тұрады. Үйленген, екі баланың әкесі.
"Қытайда жаз айларында мал бағу оңай емес. Мал бағуға шама келмеген соң, ары-бері екі ортада көшіп жүрдім. Алматыдан Қытайға бару билеті 5 мың юань (330 мың – авт) болады. Екі елдің арасында ары-бері жүру жан басына шаққанда жеті мың юаньға шығады. Сондықтан күн көрістің қиындығынан кетіп қалдық. Ұлым Қазақстанда дүниеге келді. Әйелім үйде. Өзім баспана сатып алғанмын.
Бір ауылдан түнде шығып, бір сәтте көшіп кеткенбіз. Үш миллиондай қаржымыз кетті. Керекті құжаттардың барлығын да жинап келдім. Қытай билігінен ешқандай да қысым болмады. Біз айдаладағы қыстақтағы адамдармыз ғой”, – дейді ол.
Сөзінше, қазіргі кезде Жарма ауылында байдың малын бағып күн көруде.
“Жалақымыз ай сайын 200 мың теңге. Оның 50 мың теңгесін ай сайын беріп тұр дегенмін. Үйдегілер маған қарап отыр ғой. Қалған ақшамызды қараша айында мал сатқанда береді. Қандастардың көбісі жалшы болып жұмыс істейді. Былтыр да бір байдың малын бақтық. Одан әрең дегенде еңбек ақымды алдым. Жанымызды тек қана шопан болып асырай алып жүрміз. Екі малшы қыстақта қой мен сиыр соңында жүрміз. Тамағымызды өзіміз жасап, кезек-кезек ас-ауқатымызды ішеміз", - дейді қандас.
Жеңісбек Қажыкейұлы "қандас" мәртебесін алған. Ал енді Қзақстан республикасының азаматтығын ала алмай жүргенін айтады.
“Өзіммен бірге қосқанда төрт адамға тамақ табу өте қиын. Таңертең үйден кетіп, кешке бірақ келемін. Енді ай соңында ғана қыстақтан үйге барамын. Үлкен қызым 18-ге толды. Жаңаөзен қаласындағы мектептердің бірінде 11-сыныпта оқиды. Жаңаөзендегі әкімшілікке үш рет бардым. Ондағылар ықтиярхатты азаматтығын жоқ деп тіркемей қойды. Мешіттен де көмек алмағанмын.
Менің құжатым ашық. 2012 жылы келгендегі ықтиярхаттың пайдасы тиді. Бір жақсы жері Қытайға құжаттарымды қайта жинауға сандалған жоқпын. Билік сотталмағанымыз туралы анықтамаларды да сұрамады. Біз ондай қиындықтарды көрмедік. Өзіміздің бұрыннан танитын таныстарымыз бар. Біздің ауылдан да жеті-сегіз отбасы келді. Ендігі мәселе азаматтықты алуда болып тұр", - дейді екі баланың әкесі.
Ацтуынша, Қытайдың Алтай аймағындағы қазақтар жақсы өмір сүретін көрінеді.
"Алтайдағы ағайындар мал шаруашылығымен айналысады. Қытай үкіметі азық-түлік жағынан көмек береді. Араға екі-үш ай салып күріш, май, көмір т.б. тарқататын. Алтайда қазақтар өте көп. Көбісінің жағдайлары жақсы. Астарында бір-бірден көліктері де бар. Қазақтар өте көп тұрады. Бұрын Алтайда қытайлар болмайтын. Қазір олар қаптап кетті ғой. Біз Алтайда жерінде өз жұртымызда жүргендей өмір сүрдік", - дейді ол.
Қандасымыз жергілікті биліктен қандай көмек берерінен хабары да жоқ.
"Маңғыстау мен Алтайды салыстырғанда екі жақтан да екі қолға бір күрек табылады. Ол жақтағы малшылардың жалақысы біздікінен 150 мыңға артық екен. Қытайда елдің малын жинап бақтым. Екі жақта да төрт түлігі барлардың жағдайлары жақсы. Онда жер жоқ болса, мұнда жер көп қой. Екі елдің басты айырмашылығы осы”, – дейді Жеңісбек Қажыкейұлы.
Қадірәлі САРЫПБЕК