Қытайдағы түзету лагеріндегі қазақ қызы телефонына WhatsApp орнатқаны үшін бас бостандығынан айырылған
Қытайда жүз мыңдаған, кей деректер бойынша одан да көп мұсылман қылмыс жасамаса да, түзету лагерьлерінде отыр. ВВС агенттігі Қытайдың батысындағы Шыңжаң өңіріндегі осындай орталықтардың бірінде болып қайтқан. Ол жерде қамауда отырған қазақ қызы Рахима Сенбай телефонында WhatsApp мессенджері болғаны үшін ғана бас бостандығынан айырылғанын айтады, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі.
Рахима Сенбайдың түзету лагерінде отырғанына бір жылдан асқан. Ол ұялы телефонына WhatsApp мессенджерін орнатқаны үшін бас бостандығынан айырылыпты. Айтуынша, оған зорлық-зомбылық жасалған. Тек шенеуніктер мен журналистер келгенде лагерьде бәрі жақсы сияқты көрсететін көрінеді.
«Өз басымда да сондай жағдай болды. Біреулер келердің алдында ескерту жасалатын. «Егер жағдайды айтар болсаң, мұнан да нашар жерге ауыстырамыз», - дейді. Бәрі қорыққандықтан айтқандарын орындайды: билеп, ән шырқайды», - дейді Рахима көз жасына ерік беріп.
Бұған дейін Қытай билігі мұндай лагерьлердің бар екенін жоққа шығарған еді. Ендігі Бейжің бұл орталықтардың исламдық экстремизиммен күресуге арналғанын айтуда.
Бұған дейін қытайлық билік жүз мыңдаған мұсылманды үлкен орталықтарда ұстап отырғанын да жоққа шығарған-ды. Алайда бұл жолы лагерьлердің бірін көрсетіп, мұндағы адамдардың тұтқында отырғандар емес, өз еркімен миын «тазалауға» келіскен шәкірттер екенін көрсетуді ұйғарған.
ВВС журналисі Джон Садворт қамауда отырғандардың бірінен бұл жерге өз еркімен келген-келмегенін сұрады.
«Иә, экстремизмнен зардап шегетінмін. Бұл жерге көзқарасымды өзгерту үшін келдім», - дейді ер адам.
Журналистің айтуынша, шенеуніктер сұхбат берушілердің барлығын жіті бақылауда.
«Шыңжаң мұсылмандарының, яғни ұйғыр, қазақ және басқа да ұлт өкілдерінің көзқарасы осылай өзгеруде. Олар қытай тілі мен клерикалдыққа қарсы заңдарды үйренуде», - дейді журналист.
«Адамдар сіздер кетуіне рұқсат бермейінше қалуға мәжбүр орын түрмеге ұқсас емес пе? Тіпті, бұл түрмеде сурет салуға рұқсат етілген күннің өзінде», - деп сұрады Садворт олардың бірінен.
«Түрме деген сөз арқылы не айтқыңыз келгенін түсінбедім», - дейді қамаудағылардың бірі.
Соңғы бірнеше жылда Шыңжаңда көптеген лагерь пайда болған. Алайда журналистерге көрсеткен орындарда ішкі қауіпсіздік бөгеттері мен күзетшілер мұнарасына ұқсас нысандарды алып тастаған. Ал серуендеуге арналған аулалардың орнына спорттық нысандар пайда болыпты.
Садворттың сөзінше, бұл адамдар қандай да бір қылмысы үшін жазаға тартылғандар емес. Олар сотталмаған. Алайда Қытай билігінің пікірінше, олардың кінәсін алдын ала анықтай алады.
Сонымен қатар журналист Шыңжаң шенеуніктерімен кездесіп, олардан лагерьлер туралы сұрады.
«Кей адамдардан кісі өлтіруге дайын екені көрінеді. Бізге олардың қылмыс жасағанын күткен дұрыс па әлде оның алдын алған жөн бе?» - дейді Шыңжаң билігінің өкілі Чжан Чжишен.
Джон Садворт бұл лагерьлерде адамдарды қинайтыны туралы мәліметтер баршылық екенін атап өтті. Олар адам көп бөлмелерде өмір сүруде, отбасынан ажыратылған. Алайда бұл проблемалар Шыңжаңның насихат департаметінің өкілі Сюй Гуйсянь үшін маңызды болмай шықты.
«Бастысы – біз қылмыс жасауға дайын адамдарды осы жерге әкеліп, кейін оларды қоғамға қайтарамыз», - дейді шенеунік.