Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайда шетелдіктердің бала асырап алуына тыйым салынды

Қытай билігі шетелдіктердің бала асырап алуын тыйым салу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: telegra.ph

Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин Қытай билігінің бұдан былай шетелдіктерге елде бала асырап алуға рұқсат бермейтінін мәлімдеді.

Министрлік өкілі бұл шешімнің неліктен қабылданғанын түсіндірмеді, тек оның халықаралық заңнамаларға қайшы келмейтінін атап өтті.

Ресми деректер бойынша, соңғы үш онжылдықта кем дегенде 150 мың қытайлық баланы шетелдіктер асырап алған. Балалардың көпшілігі АҚШ-қа кеткен. Американдық отбасылар Қытайдан 82 674 баланы асырап алған.


"Заңды түрде асырап алуға көмектесеміз": Алматыда бала саудасымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды


АҚШ бұл шешімнің Қытайда бала асырап алу туралы өтініштері әлі қаралып жатқан жүздеген американдық отбасыларға қалай әсер ететінін анықтауға кіріскен.

Қытайдағы АҚШ дипломаттарымен телефон арқылы сөйлескен Бейжің өкілі ерекше жағдайға жататындарды қоспағанда, "бұған дейін өтініштердің барлығы қай кезеңде болса да қаралмайтынын" айтқан.

АҚШ мемлекеттік департаменті өз елшілігінің Қытайдың азаматтық істер министрлігінен жазбаша түсініктеме сұрағанын хабарлады.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда енді үйленбеген ер адамдардың бала асырап алуына рұқсат етілетіні туралы жазған едік. 

Талқылау