Қытайда қорғаныс министрін ұзақ уақыт бойы жұмыста болмағаны үшін қызметінен босатты
Қытай төрағасы Си Цзиньпин Ли Шанфуды Қытайдың Мемлекеттік кеңесшісі және Ұлттық қорғаныс министрі қызметінен босату туралы жарлыққа қол қойды. Деректерге сай, бұл министр тамыз айынан бері халық алдына шығып кездеспеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Global Times-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Министрдің қызметінен босатылуы оның ұзақ уақыт бойы жұмыста болмағаны туралы бірқатар қауесеттерден кейін орын алған. Ли Шаңфу соңғы рет тамыз айында Бейжіңде өткен Қытай-Африка бейбітшілік және қауіпсіздік форумында көпшілік алдында сөз сөйлеген. Отставкаға кету туралы шешімді Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының тұрақты комитеті мақұлдады.
Генерал Ли Шанфу осы жылдың наурыз айында Қытай Қорғаныс министрлігін басқарған болатын. Қорғаныс министрі болып тағайындалғанға дейін ол Қытайдың ірі спутниктік ұшыру қондырғыларының директоры қызметін атқарды. Айды зерттеу миссияларында маңызды рөл атқарды және аэроғарыш өнеркәсібінің сарапшысы болды. Ол бұған дейін Халық азаттық армиясының стратегиялық қолдау күштері қолбасшысының орынбасары қызметін де атқарған.
2018 жылы АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың әкімшілігі оған және оның департаментіне ресейлік қару-жарақ, соның ішінде Су-35 жауынгерлік ұшақтары мен S-400 зениттік-зымырандық кешендерін сатып алғаны үшін санкция салған болатын.
Ли Шанфу соңғы уақытта қызметінен кенеттен босатылған екінші министр болды. Шілде айында Қытай бір ай бойы ел алдына шықпаған Сыртқы істер министрі Цин Ганды қызметінен уақытша шеттеткен.
Елдің жаңа қорғаныс министрі кім болғаны әзірге жарияланған жоқ.