Қытай тәліптер билікке келгеннен бері алғаш рет Ауғанстанға жаңа елшісін тағайындады
Қытай 2021 жылы тәліптер билікке келгеннен бері Ауғанстанға елшісін тағайындаған алғашқы ел болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Deutsche Welle
Талибандар (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) билігіндегі Ауғанстанды ешбір үкімет ресми түрде мойындаған жоқ. Қытай елшінің тағайындалуы Талибан үкіметін ресми тануға жасалған қадам ба, жоқ па, нақты түсіндірмеді.
Кабулдағы ресми рәсімде Қытай елшісі Чжао Син Талибан премьер-министрінің міндетін атқарушы Мохаммад Хасан Ахундқа сенім грамотасын тапсырды. Елші Чжао Синнің көлігін әскери қызметкер президент резиденциясына дейін жеткізді. Оны әскерилер мен Талибанның жоғары лауазымды тұлғалары қарсы алды.
Фото: Deutsche Welle
"Бұл Қытай мен Ауғанстан арасындағы диалог пен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған аспан асты елі елшісінің Ауғанстандағы қалыпты ротациясы. Қытайдың Ауғанстанға қатысты саясаты айқын және дәйекті", - делінген Қытай Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.
Мохаммад Хасан Ахунд бұл тағайындау екі ел қарым-қатынасындағы "жаңа тараудың бастауы" болатынына үміт білдірді.
"Ауғанстанның дәстүрлі достас көршісі ретінде Қытай онымен әр түрлі салаларда дипломатиялық қарым-қатынастар, алмасулар және ынтымақтастықтар орнатып келеді", - делінген Қытай Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.
Талибанның бас өкілі Забихулла Муджахид елшінің тағайындалуын құптады.
"Бұл басқа елдердің Ислам Әмірлігімен байланыс орнатуы үшін берілген сигнал. Біз жақсы қарым-қатынас арқылы алдымызда тұрған немесе болашақта туындайтын барлық мәселелерді шеше аламыз", - деді Муджахид.
Қытайдың Ауғанстандағы бұрынғы елшісі Ван Ю 2019 жылы қызметіне кірісіп, өткен айда қызметінен босатыл5ан болатын.
Ауғанстандағы қалған барлық шетелдік елшілер өз қызметтерін 2021 жылы АҚШ бастаған халықаралық күштер елден шығарылғаннан кейін тәліптер құлатқан халықаралық мойындалған Ауғанстан Ислам Республикасының қарамағында атқарды. Бейжің "Талибан" қозғалысын ресми түрде мойындамаса да, Қытай мен Ауғанстан осы жылдың басында мұнай туралы келісімге қол қойды.