Қытай азаматтарын соққыға жыққаны үшін 5 қазақ жігіті cотталып жатыр
Алматы облысында Қытай азаматтарын соққыға жықты деп айыпталған бес жігіттің соты басталды. Қызылағаштық азаматтарды қолдауға еліміздің түкпір-түкпірінен ел көп жиналды.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тіпті олар сот залына симай істі жүргізіп отырған судьяның өзі қосымша бөлме іздеп кетті. Бірақ таяқ жеді деген бірде-бір Қытай азаматы сотта төбе көрсеткен жоқ.
Қызылағаштық бес жіітті қолдауға келген халық сот залына мүлде симай қалды. Оларға басқа бөлмеге кіріп, процесті монитор арқылы тамашалауға тура келді.
Сот залында қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы сотталушы азаматтардың құқығы сақталмаған деді. Айтуынша, сотталушы азаматтар кепілмен босатылуы үшін өз үйін кепілге қойған. Бірақ сан сылтаумен азаматтар босатылмады деп ашулы. Бүгін сотқа берген азаматтардың бірде-біреуінің сотқа келмеуі келген халықтың ашуын келтірді.
"Жәбірленді деген қытайлық азаматтар келген жоқ. Олар келе де алмайды, келмейді де. Егер мемлекет, құзырлы органдар өз азаматтарын қорғамаса, біз қорғаймыз. Халық қорғайды", - деді Рысбек Сәрсенбай.
Бес сотталушы қызылағаштық жігіттің төртеуі "Бұзақылық" бабы бойынша, ал бірі Салханов Сарқыт "Денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру", "Бұзақылық" бабы бойынша айыпталып жатыр.
Сот қорғаушының оларды кепілмен босату туралы өтінішін қанағаттандырмады.
Айта кетейік, қазан айында Талдықорған-Өскемен тасжолында қытай азаматы этникалық қазақты ұрған болатын. Артынша бес қазақ жігіті кек қайтарамыз деп бірнеше қытай азаматын соққыға жықты. Олардың екеуі бұрын да сотталған екен.
Сот процесі анықтағандай жәбірленуші 24 адам. Оның 21-і қытайлық азамат. Үшеуі қазақстандық. Сол үшеудің бірі полиция қызметкері. Алайда сот отырысына жәбірленушілердің келмеуіне байланысты сот 24 желтоқсанға шегерілді.