Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кітапханаларды жабу - Абайды түрмеге қамаумен бірдей": Жазушылар кітапханаларды орталықтандыру мәселесіне пікір білдірді

Жақында елордалық мәслихат депутаты Мирас Шекенов Нұр-Сұлтандағы кітапхана қорын цифрландыруға және кітапханаларды орталықтандырып, біріктіруге ұсыныс білдірді. Бір қалаға бір ірі кітапхана қалдырып, қалғанын электронды форматқа көшіру ұсынылды. Айтуынша, кітапхана ғимараттарын астаналықтардың бос уақыты үшін жаңа кеңістіктерге айналдыру пайдалырақ болмақ және осылайша ғимарат үшін төленетін шығындардан арылу ниеті де бар көрінеді. Осы орайда, Stan.kz тілшісі қазақ жазушылары мен кітапхана қызметкерлерінің осы мәселеге қатысты пікірін білді. 

180 градусқа өзгертетін үздік ондық: Қазақ авторларының ең көп сатылған кітаптары

Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы: Кітапхана - білім темірқазығы, ол кетсе қазақ құриды

"Рухани жаңғару - өркениетті дамыту дегенді білдірсе керек. Бізде өркениет деген төмен. Тілге құрмет- елге құрмет дейміз. Алайда басшылардың өзі мемлекеттік тілде сөйлемеді, бет-бетімен кеткен. Адамдарды ар-ұятқа, білімге, ақылға тәрбиелеу деген бар. Оны беретін тек кітап. Кітап білім бұлағы дейтінбіз. Жастайымыздан оны қадір тұтатынбыз. Қазір бұдан да айырылдық. Сондықтан да, баласын, отбасын тастаған әкелер мен аналар көбейді", - дейді жазушы. 

Айтуынша, осындай ұсыныс айтатын мемлекеттік қызметкерлердің өзінде ұят жоқ. Ақша бар, жағдай бар дейді, бірақ мәдениет жоқ, ұят жоқ дейді ол.

"Кітапхананы ақша үнемдеу үшін жапқалы отыр. Мемлекетке ақша жасайтын - білім, өнер, ғылым, ата-бабалардың жолын сақтау, ұлттық деңгейге көтерілу. Қазір біз ұлттық деңгейге көтеріле алмай тұрмыз. Себебі елімізде екі мемлекет бар: қазақша сөйлейтін және орысша сөйлейтін мемлекет. Қазақша сөйлейтіндер орысша сөйлейтіндерді түсінеді, ал орысша сөйлейтіндер қазақша сөйлейтіндерді түсінбейді, өйткені қазақтың тарихын білмейді. Ал кітапхана кетсе, біз мүлде құримыз. Бір күнде емес, бірте-бірте құримыз. Оны біздің шенеуніктер ойламайды. Олар үшін кітапхананың түкке қажеті жоқ, жалақысы болса, болды. Бізді осыдан құтқаратын білім, ал кітапхана - соның ошағы, негізі, темірқазығы. Ол кетсе, біз бәрінен айырыламыз", - дейді Бексұлтан Нұржекеұлы.

Жазушының айтуынша, жастарды жұмысқа орналастыру кезінде олардың дипломына, біліміне мән беру керек. Ал қазір жұмысқа тек таныс-тамыр арқылы ғана кіретін болды, дейді ол.

Ал жазушы Смағұл Елубай қазіргі кезде кез-келген кітап электронды форматта болуы керектігін айтады. 

"Жұрттың бәрі кітапханаға жүгіріп бара сала алмайды. Үйде отырып электронды кітаптарды оқимыз. Жастардың көбі шапқылап жүреді, олардың да тиісінше уақыты бола бермейді. Осыған байланысты электронды форматқа көшу дұрыс", - дейді жазушы. 

Алайда оның айтуынша, кітапханалар электронды форматқа көшу үшін ең алдымен жастар тиісті жабдықтармен қамтамасыз етілуі керек. 

"Жастардың бәрі компьютерді бірдей деңгейде пайдаланып жатыр деуге болмайды. Ауылдан келетін көп студенттің, шамамен 50 пайызында компьютер жоқ. Өзім ұстаз болғандықтан, осыны күнде көзім көріп жүр. Сондықтан кітапхана оларға қажет деп есептеймін", - дейді ол.

Айтуынша, депутат ұсынысы - асығыстық.

"Еліміз дамыған кезде, кез-келген адамның қолында компьютер бар кезде жұрттың бәрі электронды форматқа көшеді. Ал қазір біз ондай деңгейге жеткен жоқпыз. Сондықтан мұндай мәселені көтерген ұят деп білемін", - дейді жазушы Смағұл Елубай.

Жазушының пікірінше, білімге деген құштарлығы бар жас кітапты өзі іздеп жүріп оқиды. Оған ешқандай насихаттың қажеті жоқ.

"Бұл жастардың ынтасына байланысты. Бізге де жас кезімізде ешкім оқы деп айтқан жоқ. Керісінше, оқыма, жұмыс істе, мал бақ деді. Сондықтан, оқитын жастар өздері іздеп оқиды", - дейді Смағұл Елубай.

Ақын Исраил Сапарбай кітапханаларды жабу ұсынысына түбегейлі қарсы екендігін айтады. 

"Парламент, мәжіліс депутаттарын жаңарту керек. Отырып алып, ойына келгендерін айтады, істеп жатқан шаруалары жоқ. Кітапханаларды жабу - Ұлы Абайды түрмеге қамаумен бірдей", - деді ақын. 

"Жастар оқымайды деген сөздің өзі еліміздің материалдық құндылықтың құлы болып кеткендігін көрсетеді. 30 жылдың ішінде халықтың қарнын аштырып, ішіп-жеп, қайыршы етіп бітірді. Таң атқаннынан кеш батқанға дейін жұмыс істеп жүрген адамның кітап оқуға қандай мұршасы болады? Соған дейін келтіріп, халықтың сауатсыздығын арттырды. Олардың түпкі мақсаты - кітапханаларды жауып, бізді басыбайлы құл ету. Мынандай әлемдік өркениетте кітап оқымау деген - масқара. Өздері оқымаса оқымай-ақ қойсын, олар тіпті өздері кітапханаға келмейді де. Бірақ оқитын халық бар. Халықтың рухани, ішкі сауаты бар. Басқасы басқа, Абайдың 175 жылдық мерейтойында мұндай бастама көтеру - Абайға жасалған тікелей қастандық. Біз Абайды оқымасақ, кім болғанымыз?", - деп қынжылды ақын.

Алматылық мектептің кітапхана меңгерушісі Гүлмира Алдиярова кітапханалардың электронды форматқа көшуіне түбегейлі қарсы. 

"Кітап алуға келген оқырмандар керекті әдебиеттерін қолмен ұстап, парақтап ашып көргендері пайдалы. Кітапханаларға деген сұранысты арттыру үшін оқушылар мен студенттерге тапсырманы әдебиеттермен байналыстырып беру керек, ізденіс қажеттілігін тудыру керек", - дейді ол.

Көп жылдар кітапхана қызметінде жұмыс істеп жүрген маман электронды форматқа ауыстырудың артықшылықтары жоқ емес екенін айтады. Ол уақытты үнемдейді, оқулықты іздеу, жедел табу мәселесіне келгенде қолғабыс болады, дейді кітапхана қызметкері.

 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 05 Қазан, 2020 20:00
Талқылау