Кабинетте 40 минуттай жалғыз қалдырып кеткен: Маман қаржы пирамидасына тарту кезінде көрсетілетін қысым туралы айтты
Белгілі маман, қаржы сарапшысы Жанар Таланова халықта қаржылық сауаттылықтың жоқтығынан қаржы пирамидаларының арбауына жиі түсіп жататынын айтады. Салдарынан қолдағы бардан айырылады, тез байып кетемін деп батпаққа батады. Бірақ дәл сондай ұйымның түпкі пиғылын қалай білуге болады? Алданып қалмау үшін не істеу керек? Stan.kz ақпарат агенттігі осы сауалдар аясында сарапшымен сұхбаттасты.
-Жанар ханым, қазір шынында қаржы ұйымдарынан көз сүрінеді. Пирамида екенін ажырату қиын. Халықты арбаудың түрлі жолына барады. Сізге осы мәселе бойынша жұрт жиі жүгіне ме?
Баршаға таныс “12 стульев” романының басты әдеби кейіпкері Остап Бендердің мынадай жақсы сөзі бар: “Халықтың ақшасын арбап алудың 400-ден аса жолын көрсете аламын” дейтін. Сол секілді қазіргі дамыған заманда елдің қалтасына түсудің, жиғанын әп-сәтте жұлып әкетудің, алдап-арбап алудың сан мыңдаған айласы көп екенін жасыра алмаймыз. Алаяқтар ешқашан ұйықтамайды, ұйықтаған емес. Тіпті өткен жылы жұртты шулатқан қаржы пирамидасы естеріңізде болар. Исламдық қаржы ұйымы деген желеумен халықтың сеніміне кіріп, сан соқтырып кетті емес пе. Одан бөлек күн сайын миллиондаған қазақстандықтың телефон нөміріне банк менеджерлеріміз, құзырлы орган қызметкеріміз немесе акциялық ұйымнанбыз деген қоңыраулар түсіп жатады. Жыл өткен сайын түрлі пирамида жетекшілерінің ұсталып, жабылып жатқанын естисіз. Айта берсек мысал өте көп. Әрине, олардың басты мақсаты - ол сіздің қалтаңызға түсу, ақшаңызды алу.
Осы орайда қаржы маманы болғаннан кейін маған адамдар жиі кеңес сұрап келеді. Одан бөлек әлеуметтік желідегі парақшама да жазба жазатындар қатары көп. Басым бөлігі қандай да бір қаржы ұйымын сұрауға тырысады. Аттарын жазып, сенуге бола ма дегендей. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тізімінде бар ма жоқ па алдымен соны тексеріп, кейін нақты жауабын жіберіп отырамын.
- Көпшілік ғаламтор беттерін ақтарып, компания туралы ақпарат іздеуге мән бермей жатады ғой. Осы орайда агенттіктің арнайы тізімінен іздемей-ақ, компанияның мақсатын анықтауға бола ма?
Мен оны былай түсіндірер ем. Қазір Қазақстандағы көптеген қаржы ұйымдары өзінен өзі пайда бола салған жоқ. Олардың басым бөлігі шетелден келеді. Алдымен Ресей мен Украинаға кірсе, кейін орта Азия елдеріне тарай бастайды. Сол себепті де қаржы қақпандарын ғаламтор беттерінен парақтап, мақсатын анықтау қиын емес. Өйткені олар туралы өзге мемлекеттің тұрғындары пікір жазып үлгеруі мүмкін. Мысалға қарапайым Qnet-ті алайық. Қазір интернетте оның таза қаржы пирамидасы екенін түсіндіретін көптеген ақпараттар мен видеолар бар. Сол сияқты Finiko компаниясы бар. Ресейде құрылған қаржы пирамидасы Қазақстанға да тамырын жайып үлгерді. Көрші елде жұртты 7 миллиард рубльге шығынға отырғызған компания, елімізде The Finiko атауымен халықты тақырға отырғызды. Ол туралы БАҚ беттерінде де жазылды. Қаржы қақпанының ұйымдастырушылары ұсталғаны, 1,8 миллион АҚШ долларын жинап үлгергені, бәрі-бәрі айтылды. Бұл тек бірнешеуі ғана. Осы секілді қаншама қаржы пирамидасы бар сырттан келген. Мен сіздерге Finiko қаржы пирамидасының қысқаша тарихын айтып берейін. Мүмкін олардың алдау әдісі халыққа сабақ болып қалар. Компания Ресейде 2019 жылы құрылған. Халықты негізгі 3 бағыт-бағдарламасы бойынша өзіне тартты. Алғашқысы ақшалай жарна. Азаматтар жиған ақшасын салып ай сайын сол қаржы мөлшерінің 20-30 пайызы көлемінде сыйақы алып отырады. Ал салған ақшасы күймейді, керісінше табысқа кенелте береді. Сіз қажет кезде сол қаражатыңызды кері қайтарып ала аласыз. Бірақ адамдарды керісінше оңай табыс қызықтыра түсті. Шамалы уақыт тек үстіндегі пайыздық сыйақысын алған халық қомағайланып көбірек ақша салуға ұмтылды. Ақыр соңында бәрінен айырылып тынды. Екінші бағдарламалары ол несие және ипотеканы толықтай өтеп беру. Яғни сіз өз басыңыздағы қарыздың 35 пайызы мөлшеріндегі соммасын компанияға құясыз. Ал ұйым 10 айдан кейін сіздің несиеңізді немесе ипотекаңызды толықтай жауып береді. Адамдар бұл ұсынысқа қызығып кірді, бірақ 10 айдан кейін әлгі қаржы ұйымы қарызыңызды жаппақ түгілі, салған ақшаңызды да қайтармай кетеді. Міне осы формулаға да сақтықпен қарау керек. Қаржы пирамидасының халыққа ұсынған үшінші бағдарламасы автокөлікпен байланысты болды. Компанияның атындағы көлікті сіз тізгіндегіңіз келсе 35 пайыз көлемінде алғашқы жарна төлейсіз. Ерекшелігі дәл сол көлік 120 күннен кейін толықтай сіздің меншігіңізге өтеді. Сонда әлгі көлікті 4 ай күтсеңіз нарықтағы бағасының 35 пайызын төлеп қана сатып ала аласыз. Дәл осы жүйеге де қызыққан жұрт жиғанын беремін де жер теуіп қалды.
Осы орайда халыққа мен ең алдымен кез-келген қаржы компаниясына тәуекел етпес бұрын интернетті бір парақтап шығуға кеңес берер едім. Асықпай атын жазып, зерттесін, зерделесін. Сол кезде сәл де болса қалтаңдағы қаржың өзіңде қалады емес пе. Ең тиімді, әрі ең оңай жолы деп осыны айтар едім.
instagram.com/pink_money_box/
- Қоғамда қанша қаржы пирамидалары әшкереленсе де, ескерту, түсіндіру жұмыстары жүргізілсе де халықтың алдануы азаяр емес. Неліктен?
Дұрыс айтасыз. Бірақ бұл тұста ең басты ескерер мәселе ол - сауаттылық. Қаржылық сауаттылық. Сіз қанша алданып қалма, мынандайға жолама деп айтсаңыз да, оның түйсігінде қаржылық сауаты болмаса ол түбі ұрынады. Халықтың қаржылық сауаты төмен ортада сондай алаяқтардың көбейетіні заңдылық. Одан кейін екінші жайт, ол - нәпсі, құнығу. Яғни, неғұрлым тезірек байып кету қиялы. Қаржы қақпандарының ұсынатын ерекше белгілері де сол талаптан тұрады. Қомақты қаржыңды қысқа мерзімде 2-3 есеге арттырып алу. Адамдар осы қулыққа бірден алданып, нәпсінің жетегінде құнығып кіреді де, артынан жер теуіп қалады. Сол үшін мен ең алдымен азаматтарға қаржылық сауатыңды арттыр деп кеңес берер ем. Егер сенде сауат болса, онда жеңіл ақша жоқ екенін түсінесің. Нәпсіңді де, құнығуыңды да еркіңде ұстай аласың.
Тағы бір ескерткім келетіні, қандай ұйымға, адамға не затқа ақша құярдан бұрын жақсылап ойланыңыз. Өйткені алаяқтар алдайтыны рас, бірақ жұмсайтын өзіңіз ғой. Қолыңыздағы сіздің ақшаңыз. Жауапкершілік ең алдымен сіздің мойныңызда.
- Соңғы жылдары алдау, арбаудан бөлек, қысым көрсетілген оқиғаларды да естіп қаламыз. Бұған не дейсіз?
Оқырмандар арасында жазатындар бар. Мысалы, Qnet қаржы пирамидасы. Бір жағдай есімде, компания өз қатарына қосу үшін азаматтарды арнайы кеңес беру кабинетіне отырғызып, 40 минуттай жалғыз қалдырып кеткен. Яғни асықпай ойланып шешім қабылдаңыз деген мақсатта. Бұл енді ұйымға тарту емес, қысым ғой. Психологиялық қысым. Жалғыз қалған адам ойланады, күтеді, ешкім келмегеннен кейін үрейленеді. Ақырында қақпанға түсіп қалмасына кім кепіл. Негізінен қаржы ұйымдарына сізді ешкім жетектеп кіргізе алмайды. Көбіне мұндай жағдайларға айналаңыздағы достарыңыз, жақындарыңыз себепші болып жататыны жасырын емес.
Жалпылай айтқанда, қаржы пирамидаларының негізгі ұстанатын ережелерінде күш қолдану, қысым көрсетуге қарағанда алдау, арбау басым. Кейде үй алып беруге көмектесетін делдалдар да сіздің қалтаңызға көз алартады. Бұл жағдайлармен де адамдар жиі хабарласып жатады. Мысалға, жақында қазақстандық бір банк арқылы пәтер алып бере аламын деген алаяқ оқырманымның жиған қаржысын алған. Содан соң барынша уақыт өткізіп, уәдені орындамаған. Ол былай тұрсын, ақшаны кері қайтаруды сұрағанда беретін сыңай да танытпапты. Сол сияқты қоғамда мысалдар жетіп артылады. Сондықтан сіз кез келген адамға не ұйымның адал жолда екеніне көз жеткізбей ақша беруге асықпаңыз.
- Маман ретінде қаржы пирамидасының қақпанына түсіп қалмау үшін қандай ақыл-кеңесіңізді айтар едіңіз?
Әрине, алаяқтық, алдау-арбау, ақшаға құнығу өте өзекті кезеңде халықтың санасын ояту да маңызды. Сондықтан ең алдымен сізді қандай да бір зат сатып алу арқылы баю, кішкентай ғана ақша құйып оны еселеп қайтару деген сияқты ұсыныстармен қызықтырса, міндетті түрде асықпай ойлануға тиіссіз. Өйткені қазір қоғамда ресми банктердегі пайыздық мөлшерлеменің өзі олар ұсынатын көлемнен әлдеқайда аз. Демек сіз олардың кезекті құрбанысыз. Елімізде ақшаңызды бірге-бір немесе оның үстінен 2-3 есеге арттырып беретін заңды ұйым да, компания да жоқ.
Екінші маңызды мән беретін мәселе - ол тез арада байып кету. Мысалға сіз 2-3 айдың ішінде тұрмыстық жағдайыңызды түзеп, бір жыл аралығында миллионерлер қатарына қосылып кету ұсынысына тап болсаңыз тағы да аулақ жүруге тырысыңыз деп айтар ем. Өйткені бұл өмірде жеңіл ақша деген болмайды. Бәрі өз еңбегіңізбен келеді. Ал бір ұйымға ақша салып қойып, бірнеше айда еселеп қайтарып байып кетем деу ол құры қиял!
Үшіншісі, құжат. Компанияның аты жазылған қағаз емес, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қадағалауынан берілген, әрі елде қаржы операцияларын орындай алатыны туралы ашық жазылған лицензия. Міне, ең басты осы 3 мәселеге назар аударсаңыз өміріңіз әлдеқайда жақсы болатынына сенім мол. Қорыта айтқанда сіз компанияны тексеруге неғұрлым көбірек уақытыңызды құртсаңыз, қалтаңыздағы ақшадан айырылып қалам деген қауіпті де соғұрлым қысқартар едіңіз.
- Сұхбатыңызға рахмет!