Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қисық қылып тастап кетті": Алматы тұрғындары түзу болған жолды бұзып кеткендерге шағымданды

Алматыдағы Наурызбай ауданының тұрғындары Кенесары көшесінің бүгінгі келбетін әлеуметтік желі арқылы көрсетіп, жергілікті биліктен жауап сұрады. Сау жолды ойқы-шойқы қылды деген олар, жұмысына жауапсыз қарағандардың әрекетін сынады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.

жол

"Күні кешеге дейін бұл жерде жол жақсы болатын. Бір айдан аса уақыт жолды қазып кәріз құбырларын жүргізді. Енді міне нәтижесі, қисық қылып тастап кетті. Тастар көліктерге тиіп кете ме, деп қорқасың", - деді жергілікті тұрғын Данияр Әубәкіров.

"Мынау әрине көңілден шықпайды. Дұрыстап жасау керек қой. Уақытша шығар. Қазғаннан кейін бәрін қырып тастап, жаңадан жасау керек. Тегістеу керек. Мынау енді болмайды қазір", - деді көше тұрғыны Жалғас.

Кенесары көшесіндегі тегістелмеген асфальт жабындысының төңірегіндегі даудан аудан шенділері де хабардар. Олар бұл уақытша жабынды екенін, су құбыры толық жүргізіліп біткен соң жолды жасайтындарын айтып ақталды.

"Неге біз оны тездетіп салдық? Өйткені ол көшемен аталған ықшам ауданға қоғамдық көліктер жүріп тұруын тездету үшін біз осы жағдайды қазір жасадық. Енді ол да аз уақыттың ішінде қайтадан толық, сапаға сай асфальт төсеніш салынатын болады алдағы уақытта", - деді Наурызбай аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Өркен Қодаров. 

Аудан әкімдігінің дерегінше биыл жазда 6 ықшамауданың жолы қазылып, құбыр тарту жұмыстары жүріп жатыр. Алайда тұрғындары тым болмаса уақытша салынған жолды тегістеп берсе дейді. Өйткені асфальт сынықтары жан-жаққа шашылып жатыр екен.
 

STAN.KZ
Бейсенбі, 23 Шілде, 2020 21:26
Талқылау