Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан азаматы Украинада жүзден аса адамды құтқарып қалған

Қазақстан азаматы Ресей әскері басып кірген Украинада жүзден аса азаматты құтқарып қалған. Ол Қазақстан құжаттарын пайдаланып, ресейліктердің блок бекеттерінен өткен. Осылайша қауіпті аймақтардан адамдарды алып шығып, гуманитарлық көмек жеткізген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "24 Канал" басылымына сілтеме жасап. 

Константин

Гудаускас Константин Кястутисович Қазақстанда дүниеге келген. Алайда құқық қорғау саласындағы қызметінде орын алған  келеңсіздіктерге байланысты үш жыл бұрын елден кетуге мәжбүр болған. Константин Украинадан саяси баспана сұрап, Буча қаласына көшкен.

Бір ай көлемінде ер адам кісі өлімі, балаларды зорлау әрекеттері мен үй маңында жерленген мәйіттерді де көрген.

Киев түбіндегі Ирпень, Ворзель және Гостомель сынды қалалар Ресей әскеріне қарсы шайқаста негізгі аймақтарға айналған. Салдарынан қазақстандық тұрған үй толығымен қираған. 

Қазір ол Киевтегі досының пәтерінде тұрады. Көшкеніне екі күн өткенде бұрын тұрған үйіне бомба түскен. Константиннің сөзінше, Бучадан тек бір ғана киіммен кеткен. Қазір үстіне киіп жүрген киім-кешектерді өзі құтқарған украиналықтар берген.

Пәтер қабырғасына көмек сұраған адамдардың хаты, өтініштері мен ұялы нөмірлері, карта және құтқарылған адамдар тізімі ілінген. 

1 сәуірде Ворзель қаласында Украина туы көтерілгені белгілі болған. Дәл осы қалаға ол ресейлік блок бекеттерден өтіп, гуманитарлық көмек жеткізген. Себебі тұрғындар жарық, газ және судан ажыратылып қалған. 

Барлығы қалай басталды

24 ақпанда Константин жарылыс дыбыстарынан оянған. Алдымен біреудің мерейтойына орай атылған отшашу деп ойлапты. Терезеге жақындай келе, Гостемельге кіріп, Ресей әскерін түсірген тікұшақтарды көрген. 

"Суретті көріп тұрғаныңмен, миың қабылдамай қалған секілді. Мұның шын екеніне сенгім келмеді. 24 ақпан таңертең еді. Кейін тұрғын үй аумақтарын жаулап ала бастады. Орындарға тұрып, атыс басталды. Ресей әскері сол жерде болған барлық ғимаратты жойды. Бучада да, Ворзельде де ештеңе жоқ. Тек тұрғын үйлер ғана", –  дейді ол. 

Келесі күні-ақ Бучада ресейлік әскерилер супермаркеттерді тонай бастады дейді. Сөзінше, дүкендерге әскери техникамен кіріп, тұрмыстық техника, әшекей бұйымдар мен қымбат тауарларды да шығара бастаған.

"Олардың сарбаздар екеніне сене алмадым. Соғысуға келген сарбаз дүкен тонай ма?" – деп қосты Константин. 

Константин ресейлік сарбаздардың белгілі аумақты басып алған соң, тонауға кірісетінін айтады. Алып кеткен тауарларды әскери техникаға жүктеген, ал командирлері Варшава тасжолы арқылы Беларусь жеріне жіберіп отырған.

Алғаш құтқарған адамдар

"Маған бірнеше адам хабарласып, Вышгород бағытында адамдарды эвакуациялау мүмкіндігі бар ма деп сұрады. Негізінде болып жатқан дүниелерді түсіне алмадым. Мәселе балалар туралы болған соң ғана келістім", –  дейді Константин. 

Өзге ел азаматы болғандықтан, Ресей әскері өткізеді деген сенім болыпты. Қазақстан азаматы қайыққа жасырынған отбасыны тауып алғанын еске алады. Ал кері қайтқанында аймақты толығымен Ресей сарбаздары жаулап алғанын көрген. 

"Менің құжаттарымды тексерді. Қазақстандық екенімді, осында тұрып, жұмыс істейтінімді және отбасыма барғанымды айттым. Қатаң тексеріс болмады. Қарудың, әскерилердің бар-жоғын тексерді. Өзім құтқарған адамдардың құжаттарын лақтырып жібердік. Үйіміздің бұзылғанын, жүкті әйелім мен балаларымды Киевке алып баратынымды айттым. Осылай бірінші отбасын құтқарып қалдым", – дейді ол. 

Игорь Покладтың отбасын құтқаруы

Ворзельден бірінші болып композитор, Шевченко сыйлығының лауреаты Игорь Покладтың отбасын алып шыққан. Константин отбасының жертөледе екенін және ешкімнің көмектесе алмайтынын естіпті. 

"Мен "Дұға етіңіздер, Ворзельге барамын" деп жаздым. Келгенімде Ресей блок бекеттері тұрғанын көрдім. Оларға Қазақстан азаматы екенімді, жертөледе тамақсыз отырған қариялар үшін келгенімді айттым. Маған қарап күлді де, толығымен тексеріп шықты. Телефонымды алып, сындырып тастады. Бұйрық сондай екенін айтты", – деп еске алды Константин. 

Киевтен шығар кезде қағазға барлық көшелер мен жүретін бағыттарды жазып алған. Сызба бойынша Композиторлар көшесіндегі үйді тауыпты. 

"Барлығы жабық тұрды, тыныштық. Адамдар жертөледе болған. Терезелерді қатты ұра бастадым. Есікті Игорьдың жары Светлана ашты. Олар тез жиналып, көлікпен кетіп қалдық", – деді Константин. 

адамдар

Игорь Покладтың жертөлесінде жасырынған адамдар, сурет 24tv.ua сайтынан

Светлана Поклад Констанинге Ворзельден кеткісі келетін адамдардың көп екенін айтқан. Бұл кезде гуманитарлық дәліздер ашылған екен. Күнделікті мыңнан аса хабарлама алған Светлана қаржы жинап, тамақ пен дәрі сатып алмақ болыпты.

"Біз ешқандай қордың атынан жұмыс істемейміз. Қазір құтқарған адамдар саны жүзден асты. Кейін осы адамдар бізге қосылды. Күнделікті бір-екі көлікпен гуманитарлық көмек жеткіземіз. Ворзель өз-өзін құтқарып жатыр", – деп қосты ол. 

Констаниннің сөзінше, әр бекетке келген сайын өмірі көз алдынан өтеді екен. Адамдар қорыққанынан сөйлей де алмай қалады екен. Ресейліктер көліктерді тексеріп, әйелдер мен балаларды шешіндіреді. Бұл денелерінде татуировканың бар-жоғын анықтау үшін жасалады екен. Балаларды ұстап, сырт киімдерін шешеді, ал ұялы телефондарын сындырып тастайды дейді. 

"Баланы зорлап жатқанда анасы көзінше қансырап жатты"

Ворзельде Ресейдің негізгі күші шоғырланған аудан болыпты. Мұнда қару-жарақтар мен сақталып, сарбаздар түнеген. Бұл жерден көмек туралы хабарламалар жиі түседі екен. Константин мұнда адамдарды тірі қалқан ретінде ұстап келгенін айтады. Тұрғындарды тамақ болмағандықтан, гуманитарлық көмек жеткізу туралы шешім қабылдаған. 

"Барып, жүксалғыштан азық-түлік шығара бастадым. Осы кезде жүксалғышқа қыз кіріпті. Оны байқамай да қалдым. Кетер кезде ғана көрдім. Көзінен "құтқарыңызшы" деген сөздерді оқыдым. Қатты қорықтым, себебі қыздың жоқ екенін байқаса, іздейтін еді", –  деп еске алды Константин.

Қазақстан азаматының сөзінше, қыз көлікте бекетке жеткенге дейін жатқан. 15 жастағы қыз өзін зорлап, көзінше 14 жастағы ұлды атып тастағанын, ал жарақат алған анасы қаза тапқанын айтқан. 

"Маған бұл оқиғаны айтып берген соң, екі күн бойы ұйықтай алмадым. Келесі күні Ворзельге бармадым, тек жыладым. ХХІ ғасырда адамдар осындай әрекетке барады деп ойламадым. Қызға зорлық көрсеткендер 20 жастағы жігіттер ғой. Олар ішімдік ішіп, қорлаған, видеоға түсірген. Бұл арқылы Украинаның күнәсіз екенін ашып көрсеткендей болды", – дейді Константин Кястутисович.

Қаза тапқан тұрғындар

Ер адам бірнеше рет тұрғындардың өлімін көрген екен. Сөзінше, Ворзельге үшінші рет барғанында, "Украина" шипажайының жанында екі жігіт ауылдан кетпек болыпты. Бекетке жетпестен ресейлік сарбаздар оларды атып тастапты. Ал көлікпен өткен Константин бұл жағдайдың куәгері болған. 

"Көрген жауыздықтардың бірі – физик-ғалымның өлімі. Ол көлігіне ақ жалау іліп алған. Адамдар кету үшін түрлі амалды қолданатын. Сарбаздардың нені басшылыққа алғанын білмеймін. Көлік те аса қымбат емес. Меніңше, олар мұны көңіл көтеру үшін жасайтын секілді. Басқаша түсіндіре алмаймын", – деді Константин. 

Ресейлік сарбаздардың ережелері

Ресей сарбаздары келген соң Ворзельде коменданттық сағат енгізілген. Адамдар тек 09:00-12:00 аралығында сыртқа шыға алады екен. Ал көшеге шыққандар аяқ-қолдарына ақ таңғыш байлауы керек дейді ол. 

"Ворзельде 60 жастағы ер адамның теміржол маңында отынға бара жатқанын көрдім. Өтіп бара жатқан ақ көліктен оған қарай оқ ата бастады. Қол-аяғында ақ таңғыш болса да", – деп түсіндірді Константин. 

Сонымен қатар штаб пен әскери техника тұрған аумаққа жақындауға рұқсат берілмеген. Әрі тұрғындардан ұялы телефондарын тартып алыпты. Сөзінше, тауып алса, тұрғынды атып тастайды екен. 

"Қолындағы нанын бөліп, маған берді"

Константин арнайы операция басталған соң екі күннен кейін дүкенге барғанын еске алды. Дүкен алдында ұзын-сонар кезек болды дейді. Алайда нан барлығына жетпеген. Кері қайтпақ болған Константинді әйел тоқтатып, нанын бөліп берген. 

"Осы кезде маңызды жайт орын алды. Мен бұл жерден кете алмаймын дедім. Себебі адамдар қолында барымен бөлісуге әзір. Операцияға дейін партия көп, тіпті отбасының әр мүшесі әр партияны қолдауы мүмкін. Алайда қазір мен үлкен бір ғана партияны көрдім. Ол – Украина халқы", –  деді ол. 

"Әрине, қорқынышты. Жаныңда бомба жарылып жатады. Бірақ ең үлкен қорқыныш – ақымақтықпен өлім құшу. Тығылып, ештеңе істемей өлгеннен гөрі, бір нәрсе жасауға тырысып жан тапсырған артық. Өмірде екі нәрсені өзгерте алмаймыз: дүниеге келген күнді және қайтыс болған күнді. Қалғанын өзгертуге болады", –  деп түйіндеді ол. 

Айта кетейік, Констан Гудаускас 2012 жылы үй тонағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Бұл кезде ол түрмеден бостандыққа шыққандар мен ауыр дертке шалдыққандарға көмек көрсетумен шұғылданған. Осы мақсатта түрлі шаралар мен концерттер ұйымдастырған. Алайда материалдық қолдауды демеушілер көрсететінін айтқан. Анықталғандай, Гудаускас үйлерді тонап, ақшаны қайырымдылыққа жұмсаған. Алматыда Константинді “Робин Гуд” деп те атап кеткен. 

Гудаускасты кезекті ұрлық кезінде ұстаған. Үйден секірген ол екі аяғын сындырып алған. Бірден ауруханаға жеткізіліп, кейін сот алдында жауап берді. 

Ал 2019 жылы құқық қорғау саласында қызмет еткен Константин “Sizoshop” жобасын таныстырды. Жоба туыстары түрмеде отырған азаматтарға заттарды онлайн тапсырыс беріп, түзету мекемесіне жеткізуге мүмкіндік береді. Алайда “Sizoshop” жобасында да дау шығып, Константин ақша жымқырды және жалған келісім шарт дайындады деп айыпталған. Сонымен қатар құқық қорғаушы Елена Семенова Константин Гудаускасты түрмедегі азаптауға көз жұма қарағаны үшін пара алды деп мәлімдеген еді. 

Назархан Уән
Сейсенбі, 05 Сәуір, 2022 10:30
Талқылау