Кішісі 1 жасқа да толмаған: Өзбекстандық әйел 8 айдан бері Шымкентте қалған 3 қызын көре алмай жүр
23 жыл Сарыағаш қаласында тұрған Өзбекстан азаматы наурыз айында туған жеріне кеткен. Енді шекараны кері кесіп өте алмай жүр. Ал, Қазақстанда қалған үш қызы жетімдер үйіне өтіп кетіпті. Балаларын 8 айдан бері көре алмай жүрген әйел жергілікті биліктен көмек сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Елена Тен 1997-ші жылы ата-анасы және екі бауырымен Ташкенттен Қазақстанға көшіп келген. Бірақ, содан бері мектепте оқуға мүмкіндігі болмай, Сарыағаштың жылыжайларында жұмыс істеп, жүре берген. Азаматтық алуға да өтініш бермепті. Қазір, 12, 5 және бір жасқа да толмаған 3 қызы бар. Өзбекстандық төлқұжатының мерзімі өтіп кеткен соң, жаңартпақ мақсатта биыл наурыз айында Ташкентке өткен. Артынша карантин болғандықтан, шекара жабылып, өзі Өзбекстанда қыздары Қазақстанда қалып кеткен. Содан бері 38 жастағы әйел шекара жағалап жүр.
Елена қыздардың үлкені мен ортаншысын өзі былтыр босанар кезде уақытша Шымкенттегі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына өткізіпті. Ал, өзі Өзбекстанда қалып қойған соң танысына тапсырған кенжесі де бөбектер үйіне жөнелтілген. Қазір, қыздардың жағдайы жақсы. Олар аптасына екі рет аналарымен видео қоңырау арқылы хабарласып тұрады.
"Сөйлескен кезде сағынады. Жылайды. Бір-бірін алып кетші деп сұрайды. Енді ол тек анасының қолында болмай тұр ғой. Қолында болса, алып кетер еді. Бірақ байланыс бар. Сөйлесіп тұрады. Балалар анасын көріп тұрады, видео арқылы" - деді Шымкент қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы директорының уақытша міндетін атқарушы Назгүл Құрманәлиева.
Үш қыздың үлкені Виктория Өзбекстанда туғандықтан сол елдің туу туралы куәлігі бар. Ортаншысы 5 жасар Инганың құжат түгілі, нақты қай күні туғанын да ешкім білмейді. Ал, келесі айда бір жасқа толатын кенжесі Александраға бөбектер үйіне өткен соң ғана құжат жасалыпты.
Анасы мен үш қыздың құжаттарын рәсімдеп, кездесуіне күш салып жүрген "Сана сезім" ұйымы Елена Тенге карантин кезінде Қазақстанға кіру үшін рұқсат беретін анықтаманы екі мәрте алдырып берген екен. Бірақ, белгісіз себептермен Өзбекстан жағы өткізбей қойған. Қазіргі басты мақсат - қыздарды анасымен қосу.
"Үш қыздың тек екеуінде ғана құжаты болғаны анасымен кездесуге қолбайлау болып тұр. Келесі апта ортаншы қыздың туу тегін анықтау бойынша сот отырысы болмақ. Соттың шешімімен ары қарай ортаншы қызы Ингаға құжат жасалса, анасымен жолықтыру қиынға түспес деп ойлаймыз", - деді "Сана сезім" қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Раушан Құдайшүкірова.
Үш қыздың құжаты түгенделсе, оларды Өзбекстандағы анасына өткізуге болады екен. Ары қарай сол елде қала ма, жоқ па өзі біледі. Бірақ, Елена Тен "Сана Сезім" ұйымының өкілдеріне Қазақстан азаматтығын алғысы келетінін айтқан екен. Егер анасы мен қыздары қауышып жатса, азаматтықты алу бойынша жұмыстар басталады. Оның үстіне жастайынан қиындық көрген әйел мен тірі жетім күйінде жүрген қыздарға уақытша баспана беруге дайын азаматтар да шығып жатыр.