Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қыш зауытында жұмыс істеп жүрген: Түркістан облысында мектеп оқушысы оң қолының бес саусағынан айырылып қалды

Түркістан облысының Ордабасы ауданында он төрт жастағы мектеп оқушысы қыш зауытында күрделі құрылғыда жұмыс істеп жүріп, оң қолының саусақтарын түгелдей кесіп алды. Баладан бөлек зауытта он шақты оқушы ауыр жұмысқа жегіліп, күн батқанша еңбек етіп келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ерасыл Жұмабектің туыстары Шұбарсу ауылынан қырық шақырым шалғайда жатқан ірі зауытқа балаларды арнайы көлікпен тасып, жұмыс істеткендер жазадан құтылып кетпесе екен деген ниетте.

Шұбарсулық бес баланың анасы Тұрсынай Әбутәліпова үлкені Ерасылдың зауытқа кеткенін білмегенін, тек ауруханадан хабар жеткенде барып естігенін айтады. Саусақтары жарамай қалған, сондықтан оң қолы кесіледі деген дәрігердің көрсетуіне амалсыз көнген. Шарасыз ана Шұбарсудағы оқушы балаларды жұмысқа жегуші әйел бар, оған заңды шара неге жоқ деп ашынады. 

"Басыма сыймайды ғой. Бадам деген ар жақтағы ауыл. Біз мына жақтамыз. Ол қалай барады деп. Сөйтсем, осы ауылда бригадир бар екен ғой, Гүлмира деген. Жинап, теріп, бар оқушы балаларды, өңшең оқушыларды бір Газельмен апарады екен", - деді жәбірленушінің анасы Тұрсынай Әбутәліпова.

"Үлкен құмдар келіп жатыр, соларды майдалап тұрдым. Бір кезде келді де, маған қарай айғайлап жатыр. "Неге жұмыс істемей жатырсың, неге құм келмей жатыр" деп. Содан кейін не істерімді білмей, сасқалақтап, темірді тастадым да, бері қарай өзім құладым ғой", - деді оқушы Ерасыл Жұмабек.

Ерасылдың айтуынша, Шұбарсудағы он шақты мектеп оқушысы дәл сол жексенбі күні Бадамдағы қыш зауытына жалданбалы жұмысқа келген. Осындағы бригадир оларға кімнің не атқаратынын бөліп берген. Ерасылға құм үгітетін құрылғы тиген. Зауытта қазір басшылық та, жұмысшылар да байқалмайды. Құрылғылар тоқтап тұр. Ал осы келеңсіз жайтқа орай полиция тергеу бастаған. Еңбек құқы бұзылғаны жайлы арнайы инспекцияға қаулы түсірген. Еңбек инспекциясы әзірге айыппұл және ескерту берумен ғана шектеліпті.

"Тексеру қорытындысы бойынша жұмыс берушіге - серіктестікке екі әкімшілік айыппұл салынып, жүз сексен мың теңге көлемінде және еңбек қорғау қауіпсіздігі талаптарын сақтамағаны үшін ескерту түрінде әкімшілік шаралар көрілді", - дейді Түркістан облысы еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Бегман Нұрмаханов.

Жәбір көрген баланың ата-анасы еңбек инспекциясының бұл тексеруінен хабарсызбын, қорытындысын тіпті естімедім деп отыр. Сондықтан тергеуге де, еңбек инспекциясы басқармасына да шағым түсірмек ниетте.

Талқылау